Жаңалықтар

COVID-19 дағдарысынан Қазақстанда кедейлер саны 2,3 миллионға жетуі мүмкін

Елімізде тағы 800 мың тұрғынның тұрмысы төмендейді

Ұзақ уақытқа созылған дағдарыс кедейлік пен әлеуметтік теңсіздіктің тереңдеуіне әкеп соғуы мүмкін. Қазақстан экономикасына қатысты жарты жылдық талдауды жария еткен Дүниежүзілік банк сарапшыларының тұжырымы осындай. 

Дүниежүзілік банктің алдын ала болжамы бойынша, Қазақстандағы кедейлік деңгейі ресми билік болжап отырған 8,3 пайыздан асып түсіп, 12,7 пайызға жетуі ықтимал. Бұл тағы да 800 мың адамның тұрмысы төмендейді деген сөз. Яғни, 18,7 млн халықтың арасында ішер ас, киер киімге жарымай жүргендердің қатары 2,3 миллионға жетпек. Табыс деңгейі орташадан сәл жоғары саналатын Қазақстан сынды елде Дүниежүзілік банк күнінен 5,5 доллардан (бүгінгі валюта бағамы бойынша 2271 теңге)  аз табыс табатын адамдарды кедейлердің қатарына қосады. 2019 жылдың соңында бұндай табыс табатындардың қатары 6,8 пайызды құраған. 

Пандемияның еңбек нарығына тигізген залалы мен оның салдарын жұмсарту мақсатында қолға алынған шаралардың бәрі жұмыспен қамту саласына әсер етпей қоймасы анық. Әсіресе кәсіби біліктілігі жоқ,  қара жұмысшылар нәпақасын айырып жүрген салаларда ол айқын білінеді. Сапалы білімге елдің бәрінің бірдец қолы жетпеуі, әсіресе карантин кезінде, адам капиталының дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. 

Қазақстан экономикасының жарты жылдық дамуын қорытындылаған баяндама авторлары бұл мәселе әл-ауқаты төмен әлеуметтік топ арасында өткір тұр деп тұжырымдайды.

«Тұрмысы төмен халықтың қатарына бұған дейін кедейлік шегінде тұрған адамдар қосылуы мүмкін. COVID-19 пандемиясы мен жұмысынан айырылуы салдарынан олар қайтадан кедейлікке ұшырайды. Бұл өте үлкен мәселе», – деп атап өтті баяндаманы таныстыру барысында ДБ бас экономисі Самсу  Рахарджа.

Банк Қазақстанның экономикасы 2020 жыл қорытындысы бойынша 3 пайызға қысқарады деп болжам жасап отыр. 2021 жылы 2,5 пайыз өсім беруі мүмкін. 

Айта кетейік, шілденің басында Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиев жыл қорытындысы бойында елдің жалпы ішкі өнімі өсім көрсетеді деп мәлімдеген болатын. Десе де, ЖІӨ-ге қатысты ресми болжам өзгеріссіз, -0,9% пайыз деңгейінде тұр. 

Ал Рахарджаның айтуынша, Дүниежүзілік банк жалпы  ішкі өнімнің өсуіне ешқандай себеп көріп тұрған жоқ. 

«Сәуір мен мамыр айларына қатты қысқарды. Әлемдік рецессияның Қазақстан экспортына  толық әсерін көрген жоқпыз,  меніңше ол 1-2 адан кейін бірақ белгілі болады. Экономиканың біршама жанданғанын байқағанымызбен, бұл белсенділік тұрақты сақтала ма, жоқ па – болжау қиын», – дейді экономист. 

Осы ретте ол  Қазақстан екінші карантиннің үшінші аптасында отырғанын  еске салып өтті.

«Егер адамдар жұмысқа, кісі көп шоғырланатын жерге шығу қауіпсіз деп санаса, онда олар өз тіршілігін, шаруасын шектейді. Бұл өз кезегінде міндетті түрде экономикалық өсімге әсер етеді», – деді Рахарджа. 

ДБ баяндамасында ақпанда әлемдік экономика айтарлықтай рецессияға еніп, шикізат тауарларының әлемдік бағасы құлдырағаны жазылған. Бұған дейін ОПЕК және оның одақтастары мұнай өндіру көлемін қысқарту туралы келісімге келе алмады, бұл Қазақстан сияқты мұнай экспорттаушыларға әлсіз әлемдік сұраныстың әсерін бірнеше есе күшейтті. Белсенділіктің төмендеуі, қозғалыс пен ұтқырлықты шектеу 2020 жылы мұнайға әлемдік сұранысты 9%-ға қысқартады деп күтілуде.

«Індет, экономикалық құлдырау мен корпоративтік және қаржы секторларына қысым өзара байланысты, және дағдарыс қаншалықты ұзағырақ созылса, соншалықты оның адамдардың тыныс-тіршілігіне әсері де жойқын болады.2 Қазақстан Үкіметі COVID-19-дың таралуын тежеу бойынша шараларды ерте кезеңде қабылдады. Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін індетпен күрес жөніндегі қызметті үйлестіру, карантиндік бақылауды енгізу және төтенше жағдаймен байланысты шектеулер салдарынан коронавирус табыс көздеріне әсер еткен адамдарға қолдау көрсету үшін мемлекеттік комиссия құрылды. Үкімет дағдарыстан зардап шеккен бизнес пен үй шаруашылықтарын қолдау үшін фискалдық шаралар топтамасын қабылдады. Індетті тежеуге және денсаулық сақтау қызметтеріне қол жеткізуді арттыруға осы тиімді тәсілді жалғастыру және күшейту қажет. Алайда дағдарысты еңсеру үшін Қазақстанға да қолда бар ресурстарды барынша жұмылдыру және құрылымдық реформаларды жалғастыру қажет», – делінген баяндамада. 

Дүниежүзлік банк сарапшылары COVID-19-дың экономикалық салдары Қазақстан экономикасы үшін соңғы екі онжылдықтағы ең ауыр жағдай болды және бұл экономиканың өсуіне айтарлықтай теріс әсер етуде деп тұжырымдайды.  2009 және 2015 жылдары мұнай бағасының құлдырауы жиынтық сұранысты күрт қысқартты және қаржы секторының тұрақтылығын шайқалтты. Бұл жолғы күйзелістер індетті тежеу бойынша қажетті стратегия болып табылатын оқшаулау шараларының нәтижесінде экономикадағы ұсынысқа қатты соққы тигізген.

«Мұндай шаралар әсіресе тұтынушымен тікелей байланыс жасау қажет болатын бизнеске әсер етеді. Қалыпқа келтіруге ынталандырудың фискалдық және монетарлық шараларының әсері, ұзаққа созылған індетпен және әлемдік экономикадағы ұзақ құлдыраумен сыналатын болады. Жеткізілімдер тізбегіндегі бұзушылықтар және әлемдік саудадағы реттелмеген мәселелер ресурстар көздерін іздестіруді одан әрі қиындатуы мүмкін. Ынталандыру бойынша шаралар топтамасы індет шегінгеннен кейін ғана экономикалық өсуді қалпына келтіруге септігін тигізе алады. Сондықтан біз 2020 жылы ЖІӨ-нің 3%-ға төмендеуін және 2021 жылы 2,5%-ға мардымсыз қалпына келуін болжап отырмыз», -делінген баяндамада.

2020 жылы инфляция деңгейі 8,3 пайыз болады деген болжам жасалып отыр. Ал 2021 жылы 6,4 пайызды құрауы мүмкін. Дүниежүзілік бан болжамы бойынша, ағымдағы операциялар есепшотының дефициті 2020 жылы  – -5,2%, ал 2021 жылы -4,6 пайызды құрайды. Мемлекеттік қарыздың жалпы ішкі өнімдегі үлесі биыл 26,9 пайызға өссе, 2021 жылы 30,5 пайызға жетуі ықтимал. 

Тамыз айында банк жаңа деректерге сүйеге отырып, өз болжамын қайта қарастырады. 

2020 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның ЖІӨ-сі 1,8 пайызға қысқарған.