Пандемия еңбек нарығына қандай өзгеріс енгізді?
Карантин елдегі еңбек нарығына, жұмыспен қамту саласына елеулі өзгеріс енгізді. Еңбек нарығындағы көктемді тыныштықтан кейін білікті мамандарға деген сұраныс бірден артып, өңірлерде еңбек ресурсы теңсіздігі тереңдей түскен.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Еңбек ресурсын дамыту орталығының дерегі бойынша, жарты жылдан бері enbek.kz электронды биржада жарияланатын вакансиялар саны ай сайын 10-26 пайызға қысқарып келеді. Жұмыс берушілерден ең аз ұсыныс сәуір айында түскен – бүкіл Қазақстан бойынша бар-жоғы 25 жұмыс орны бос болған. Бос жұмыс орындарының бұндай дефициті соңғы бірнеше жылда бірінші рет қалыптасыпты. Орталық сарапшылары бұны сәуір айында төтенше жағдайға байланысты ел экономикасында қалыптасқан белгісіздікпен байланыстырады. Орталық талдауы сәуір айында ресми жұмысы болса да, табыссыз қалғандардың саны 4,2 миллионнан асқанын көрсетеді. Алайда елдегі жұмыссыздыққа қатысты ресми статистика өзгеріссіз – 4,8 пайыз деңгейінде қалған.
Карантин бітіп, көптеген кәсіпорындардың жұмысын қайта бастауы еңбек нарығына бірден әсер еткен. Алғашқы «жұмыс айларында» техникалық тұрғыда жұмыссыз орынғандардың санын бірден 735 мыңға қысқартты. Ал мамыр-маусым айларында елдегі бос жұмыс орындарының саны бірден 2,8 есе өсіп, 712 мыңға жеткен. Бұл көрсеткіш дағдарысқа дейінгі кезеңнен де асып түскен.
Жұмыс берушіге қандай маман керек?
Басты себеп – кейбір салаларда жұмыс күшіне деген сұраныстың артуы. ІІ тоқсанның қорытындысы бос жұмыс орындарының басым бөлігі (43 пайыз) құрылыс, көлік және өндіріс саласына тиесілі екенін көрсетті.
Құрылыс нысандары мен «Жұмыспен қамту жол картасының» аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар үшін өңірлерге тас қалаушыл, бетон құюшы, жұмысшы, сырлаушы мен ағаш ұсталары көптеп қажет.
Қазіргі кезде Қазақстандағы ең қат маман – жол салатын жұмысшылар. Елімізде жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары үшін 12 мыңнан аса жұмыс қолы керек. Алайда жол салғысы келетіндердің қатары 4 есе аз.
Қазақстандық жұмыс берушілер арасында сұранысқа ие топ – кәсіби білікті мамандар. Ел бойынша бұндай 42 мыңнан аса бос жұмыс орны бар. Ұлттық қызметтер жіктеуішіне (жұмыспен қамту саласындағы техрегламент) сәйкес, бұл категорияға өз саласындағы білімі мен біліктілігі жоғары мамандар жатады. Бұл ретте сөз топ-менеджерлер туралы емес, инженер, зерттеуші, сарапшы, дәрігер және жоғары білікті ұстаздар туралы болып тұр. Еңбек ресурсын дамыту орталығы мамандарының айтуынша, бұндай қызметкерлерге сұраныс әрдайым жоғары. Олардың еңбек нарығындаға үлесі де жоғары: әр аймаққа байланысты 18-47 пайыз аралығында.
Мемлекеттік еңбек биржасында жарияланған түйіндемелерге жасалған талдауға сүйенсек, басым көпшілігі (5 мыңнан аса) офис-менеджер, эколог пен заңғар қызметін іздеп жүр. Алайда қалың әкімшілік қызметкерлер ешкімге керек емес, бұндай мамандарға деген сұраныс ұсыныстан 5 есе төмен. Бұл салада жұмыс іздеушілердің қатарының артуына карантин кезінде бірқатар кәсіпорындардың (кинотеатр, банкет залдары) жұмысын тоқтатып, ал қызметкерлерінің басқа жұмыс іздеуі себеп болуы мүмкін.
.
ЕРДО-ның ІІ тоқсан қорытындысы бойынша жариялаған талдауы аймақтарда еңбек ресурсының бөлінісі үлкен түйкіл болып тұрғанын байқатады. Мәселен, Қостанай, Қарағанды, Ақмола мен Шығыс Қазақстан облысы бойынша жарияланған вакансиялар жұмыс іздеп жүргендерден 2-3 есе көп. Солтүстік-шығыс және орталық өңірлерге инжернер, жұмысшы, механик, дәнекерлеуші мен мұғалімдер қажет. Бос жұмыс орындары Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында көп: жырты жылда 60 мыңнан аса вакансия жарияланған.
Бұл ретте айта кетерлік жайт, солтүстік облыстардағы айлық жалақы көлемі, батыс өңірлерімен салыстырғанда, аса жоғары емес. Ресми статистика бойынша Қостанай мен Ақмола облыстарында бұл көрсеткіш 144 мыңнан аспайды, ал ШҚО мен Қарағанды облыстарында – 169 мың теңге.
Ал оңтүстік облыстарда, керісінше, еңбек күші көп те, жұмыс орны жоқ. Қазіргі кезде жұмыс іздеп жүрген қазақстандықтардың үштен бір бөлігі – оңтүстіктің тумалары. enbek.kz сайтында жариялаған түйіндемелердің 15 пайызы – Түркістан облысына тиесілі. Бұл өңірде 36 мыңнан аса адам жұмыс іздеп жүр. Еңбек күші артық облыстардың ішінде екінші орында Жамбыл облысы тұрса, үшінші орында – Алматы облысы.
«COVID-19 пандемиясы Қазақстанның еңбек нарығындағы белсенділікті едәуір төмендетті. Көбіне кәсіби біліктілігі төмен, тұрақты жұмысы жоқ адамдар зардап шекті. Сала бойынша қарастырсақ, соңғы жылдары жұмыспен қамтуда маңызы артып келе жатқан – қызмет көрсету саласы қатты соққы алды», – деп атап өтті орталық мамандары.