«Балам миллионер болсын» десеңіз…

Жарияланды (жаңартылды )
Ақша туралы айта отырып, оны дүниеқоңыз етіп алмауға қатысты дайын стратегия

Ақша ұстай білу — өнер. Олай дейтін себебіміз бірі — бәрін алдын-ала жоспарлап, қайда жұмсайтынын ақылмен шешсе, енді бірі — тапқан-таянғанын жарты ай болмай жатып құртып тастап, қалған жарты ай қарызға өмір сүреді. Сондықтан қаражат сізді басқармай тұрғанда, өзіңіз басқарып үйренгеніңіз жөн. Балаңызға айту да ләзім. Өйткені дер кезінде айтылған құнды кеңес өмірлік азыққа айналуы ғажап емес. Осы ретте балаңызды дәулетті, ынсапты етіп тәрбиелеуге қатысты қызық тәсілдерді тізіп шықтық. Бірі болмаса, бірі кәдеңізге жарап қалар.   

Армансыз күні болмасын

Бала кезде қиял шіркін шексіз болады. Әсіресе, жасөспірімдер бүгінде миллионер болуды жиі армандайды. Балаңыз «сан жетпес машина алам» десе, «алдымен біреуін алып алшы, сосын көрерміз» демеңіз. Армандағаны үшін ақы төлеп жатқан жоқ. Қиялына ерік беріп, кең көлемде ойланғаны өзіне жақсы. Бір ұйықтап тұрған соң бай болып кетпесе де, елестетіп, көз алдына келтіргені пайдалы. Бастысы, қанатын кесіп, қиялын шектемеңіз.

Ойындағысын түртіп алсын

Айтқандай баланың ойына келмейтіні жоқ. Кей ересектердің өзі қызығатындай қиял кіп-кішкентай періштенің миына оралуы мүмкін. Сондықтан ойға келгенді ұмытып қалмас үшін жазып жүруіне арнайы қойындәптер сыйлаңыз. Үтір-нүктесін дейін түртіп жүрсін. Бұл әдіс жазу, мұқият қарау, ойға алғанды іске асыру сынды әдеттердің бойға сіңуіне көмектеседі.  

Кәсіпке баулыңыз

Егер балаңыз жұмыс істеймін десе, денсаулығына зияны болмаса, бос уақытына сәйкес келсе, рұқсат беріңіз. Өмір сүруге машықтанып, қаржылық сабақ алғаны өзіне жақсы. Әрі ойында жүрген қымбат заттың қандай еңбекпен келетінін түсінеді. Тіпті сол затты алуға өз еңбегі сіңсе, қадірін де жақсырақ біледі. 

Табысты адамдар туралы көп білсін

Сіздің болсын, балаңыздың болсын кіммен араласып, сөйлесетініңіз маңызды. Егер сіз араласатын ортада қаржылық жағдайы мен беделі мықты адам табылмаса, оның орнына әлемге белгілі бизнесмендердің биографиясын оқытыңыз. Одан қала берді материалдық жағдайы жақсы адам рөлінде өзіңіз болсаңыз, тіпті құба-құп. Жалпы алғанда баламен ақша туралы ашық әңгіме айтқанның зияны жоқ, қайта пайдасы мол. 

Ақшаны дұрыс ұстауды үйренсін

Қаржыны жоспарлау бойынша маман Томас Хенске былай деген екен: «Баланың қолына ақша ұстатып, оны жаратуға мүмкіндік бермесе, кейін қаражатты дұрыс басқаратын адам қайдан шығады?». Расында балаға азын-аулақ ақша беруді әдетке айналдырған жөн. Бірден құртып тастаса, ақшасы таусылатынын, қолда бар қаражатқа не келетінін, жинап қандай зат алуға болатынын сонда жақсырақ түсінетін болады. 

Үнемдеп үйренсін

Коммуналдық төлемді есептеген кезде жаныңызға балаңызды отырғызып алыңыз. Су мен электр тогының қанша тұратынын, көп қолданса, көбірек төлеу керегін түсіндіріңіз. Мәселен «күндіз неге жарықты сөндірмейсің?» Немесе «сарылдатып суды босқа ағыза берме» дегендей сөздерді не үшін айтатыныңызды жақсырақ ұғады. Сонымен бірге үнемдеуді үйренеді. Жасөспірім баланың қолына тізімді беріп, дүкенге жіберіңіз. Сонда отбасылық бюджет туралы ойы ерте қалыптасады.

Қымбат затты жоспарлап алу

Қаржылық стратег Патти Валеридің айтуынша, ересек балаға үлкен шығындар туралы айтып отыру керек. Айталық машина не үй алғалы жатқанда. Себебі ондай қымбат дүниелердің демде алына қоймайтынын түсінуі тиіс. Егер кредитке алынып жатса, тіпті араластыру керек. Оның қандай шарттары бар, қандай жауапкершілік артылады — білсін. Мысалы балаңыз бір ойыншыққа қызықты делік. Жасына қарай ол зат түрліше өзгере береді. Бастысы, үнемге баулу. Алдымен ақшаның еңбекке байланысты төленетінін түсіндіріңіз. Мысалы қазір көп көлемде ақша жаратса, одан кейін сол ақшаның орны толғанша біраз уақыт ойыншық не тәтті алмай жүруіне тура келетінін білсін. Болмаса, қалауындағы затқа ақша жинауды бастасын. Қанша уақытта, күніне қанша ақшадан бергенде жиналатынын бірге есептеңіз. Таңдаған ойыншығының арзандау нұсқасын таңдап, қалаған затын дәл қазір емес, уақытын келісіп, біраз жинап, сосын аламыз деп келісімге келуге болады.  

Өзіне инвестиция құйсын

Білімдінің алды — жарық. Ақшадан да маңыздысы — білім екенін бала кезден біліп өссін. Таным көкжиегі кең болған сайын ол үшін ашылатын мүмкіндіктердің де мол екенін түсінгені жөн. Барынша білуге, үйренуге ұмтылса, сол дұрыс. 

Құлаудан қорықпасын

Баланы қателесуден сақтап немесе әр қатесі үшін сынға ала берсе, болашақта ол «қорқақ» болады. Дәлірек айтқанда, құлаудан қорқатын адам боп қалыптасады. Қателесу мен сәтсіздік оны одан сайын мығым ете түседі. Мысалы есепті дұрыс шығармаса, ол оның топас екенін білдірмейді. Бар болғаны шығарудың басқа амалын қарастыру керек. Сол сияқты мамандықтан қателессе, ауыстырсын. Өмірі қор болды, сонша уақыты бос кетті деп өкінбеңіз. Мамандық ауыстырып, өмірлік сабақ алғанда тұрған ештеңе жоқ. 

Денсаулығын күтсін

Байқасаңыз, бай адамдар өзінің де, балаларының да денсаулығына бей-жай қарамайды. Спортпен шұғылданып, жүйелі түрде медициналық тексерістерден өтіп тұру сынды әдеттерді қалыптастырған дұрыс. Осы әдет бала кезден бойға сіңгені жақсы. 

Мейірімді болсын

Мейірімді, қайырымды жүрек иесі болған жөн-ақ. Өйткені дәулет жиып, бедел артқанда көпшілік одан үлгі алуға тырысады. Сондықтан бала кезден оның бойына жақсы дағды қалыптастырыңыз. Экология, қайырымдылық сынды маңызды тақырыптарда тілдесіңіз. Қоқысты сұрыптауды үйренсін, әділдікті жақтасын. Осы сияқты адамгершілік тұрғысынан бағалы әдеттерді сонау бала шақтан сіңірсе, кейін көпшіліктің аузында жүретін мақтаулы жанға айналады. Өмірде ақшаның рөлі маңызды болғанымен, одан да жоғары тұратын құндылықтар барын жиі айтып отырыңыз. Біреудің ақысын жемеу, адамдықтан аттамау керегін түсіндіріп, өтірік сөйлеуден қашуға баулыңыз. Құр сөзбен айта бермей, өзіңіз де өзгеріңіз. Өйткені естігеннен гөрі көргенді бойға сіңіру жеңілірек. 

 
Сондай-ақ оқыңыз