Жаңалықтар

Елімізде 31 шілде мен 1-2 тамыз — Құрбан айт күндері 

QURBAN2020.KZ сайты арқылы онлайн құрбандық шалуға тапсырыс беруге болады

Карантиндік талаптарды сақтау үшін биыл Құрбан айт намазы мешіттерде оқылмайды. Әркім өз үйінде айт күні 2 ракат нәпіл намазын оқи алады. Мешіттердің жанында құрбандық шалу рәсімі өткізілмейді. Бұл туралы Алматы әкімдігінің Telegram каналы хабарлады.

 «Биыл әлемдегі және еліміздегі пандемиялық жағдайға байланысты карантин енгізіліп, еркін жүріп-тұру мен мешітте құлшылық рәсімдерін орындау мүмкін болмай отыр. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымыздың денсаулығын сақтау мақсатында «QURBAN-2020» Онлайн қайырымдылық акциясын ұйымдастыруды қолға алды», — деді бас имам. 

Оған арнайы QURBAN2020.KZ веб-сайты іске қосылып, онлайн құрбан шалудың жөн-жосығы мен алгоритмі түзілді. 

Айта кетейік, QURBAN2020.KZ сайтын пайдалануға қатысты нұсқаулық-роликтер мен материалдар ҚМДБ-ның ресми muftyat.kz және Алматы Орталық мешітінің azan.kz сайттарында жарияланған. 

«Сайт арқылы құрбандық шалуға тапсырыс беру және мұқтаж жандардың ет алуға өтініш қалдыруы 24-30 шілде аралығында жүргізіледі. Пандемиялық жағдай мен карантиндік талаптарға байланысты онлайн құрбандық шалуға тапсырыс бергендердің отбасылық үлестері берілмейді, құрбандық еттері толығымен мұқтаждарға үйлеріне жеткізіліп, үлестіріледі», — деді Е. Шоқай.

Бұл жобаны Алматыда іске асыру үшін еріктілерден құралған арнайы штаб осымен үш күннен бері жұмыс жасауда. Бұл туралы онлайн-брифинг кезінде Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай мәлімдеді.

Бас имамның айтуынша, әрбір құрбандық шалуға тапсырыс берген кісінің құрбандығының шалынғаны жөнінде сурет пен видеоға түсіріліп, есебі беріледі деді.  

Алматы қаласы бойынша екі күнде 55 қой, тоқты, ешкі секілді ұсақ малды және 1 ірі қараны құрбан шалуға тапсырыс түскен.

Брифинг кезінде белгілі болғандай, жаназа рәсімін өткізуге енді тек 10 адамнан артық жиналуға болмайды. 

 «Еліміздегі індет жағдайына байланысты ҚМДБ-ның жаназа рәсімдеріне қатысты жаңа мәлімдесі шықты. Ол мәлімдеме бойынша жаназа намазына 10 адамнан артық жиналуға болмайды. Жаназа намазына тұрғанда әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып өткізейік. Егер де өмірден өткен адамның жаназа намазын имаммен бірге 3 кісі ғана өтеген болса, ол жаназа намазы жамағатпен бірге өткізілген болып есептеледі. Өткен рухтарға бағышталып берілетін астарды уақытша кейінге қалдырайық. Өйткені дерттің қаупін өз көзімізбен күнделікті көріп отырмыз», — деген бас имам жетісі, қырқы деген секілді шараларға қарт кісілердің қауіпсіздігі үшін олардың бармауын баса айтты. 

Естеріңізге сала кетейік, қазір Зұлхижжа айының алғашқы он күні қасиетті күндер болып есептелінеді. Сондықтан осы кезде ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі іс жасаған жөн. Арапа күні биыл 30 шілдеге сәйкес келеді, ораза тұту – сүннет деді спикер.