Елімізде электронды сауда нарығының көлемі 435 млрд теңгені құрады

Жарияланды
Қазақстанда 2 мыңнан астам интернет-дүкен жұмыс істейді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстанда электронды сауданың дамуы туралы айтып берді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. 

Бақыт Сұлтанов қазіргі уақытта көптеген адамдар онлайн сатып алудың тиімділігі мен ыңғайлығын түсініп, үйреніп жатқанын айтты. Әлбетте, бұл үрдіс одан әрі жалғасады.

    «Бүгінде тұтынушылар тауар сапасына көбірек назар аударуда. Халықаралық есептерге сәйкес сауалнама жүргізілген тұтынушылардың 40%-ы тауарды брендтің сенімділігіне қарай таңдайды. Электрондық сауда саласындағы компаниялардың көпшілігі сатып алушыны тартудың негізгі факторлары ретінде тауарлар туралы деректердің өзектілігі мен тауарларды белсенді өңдеп сатып алушыға дейін жеткізуді атап өтуде. Басқа әлемдік трендтердің ішінде трансшекаралық онлайн-сауданы және логистиканы дамыту үшін елдер арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың күшеюін атап өту маңызды», — деді министр.

COVID-19 пандемиясы онлайн сауданың айтарлықтай өсуіне алып келді және B2C арналары бойынша сатуды арттырды. Интернет арқылы бөлшек сауда белсенділігінің артуы індеттің өршуі мен карантин кезеңінде орын алады. B2C арналары бойынша сатудың артуы әсіресе, дәрі-дәрмектерді, тұрмыстық заттарды және азық-түлік өнімдерін онлайн сатуда байқалады.

Қазақстанда 2 мыңнан астам интернет-дүкен жұмыс істейді. Алайда, табыс салығын  төлеуден босату түріндегі жеңілдіктерді алу үшін 601 интернет-дүкен тіркелген.

«Қазпочта» АҚ мәліметіне сәйкес, 2020 жылғы 1 жартыжылдықта электрондық сауда нарығының көлемі 435 млрд теңгені құрады. Бұл бөлшек сауданың жалпы көлемінің 9,4% құрайды. Ағымдағы жылдың соңына дейін 900 млрд теңгеге өсім болжануда. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш бөлшек сауданың жалпы көлемінің шамамен 13% құрай отырып, 1,9 трлн теңгеге жетеді. Бұған дейін қойылған міндет 2025 жылға қарай жалпы бөлшек саудадағы электрондық сауданың үлесін 10%-ға дейін жеткізу болды. Алайда, ҚР СИМ 2025 жылға қарай электрондық сауда үлесінің нысаналы көрсеткішін 15%-ға дейін қайта қарауды бастады, бұл сауданы дамытудың 2021-2025 мемлекеттік бағдарламасында көрсетілетін болады.

Карантин кезінде онлайн сауда мен төлем операцияларын жүргізудің ұлғаюы байқалды. Ұлттық банктің мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елдегі қолма-қол ақшасыз операциялардың көлемі 2,5 есеге ұлғайып, шамамен 7,5 трлн теңгені құрады. 

 

Сондай-ақ оқыңыз