Жаңалықтар

Коронавируспен ауырып,  жазылған адамдар да маска тағуы тиіс

Алматы инфекционистері маска режимін сақтауға шақырды

Алматы қаласының өңірлік коммуникация қызметі алаңындағы онлайн-сұхбат барысында Фтизиопульмонология орталығының инфекциялық стационар меңгерушісі Абзал Малбасқанов тағы бір рет Алматы тұрғындарын маска режимін сақтауға шақырды. Бұл туралы Алматы әкімдігінің Telegram каналы хабарлады.

Бүгінде ауа тамшылары арқылы таралатын аурулардың,  соның ішінде ең бастысы-  коронавирустың алдын-алу үшін маска тағу- ең негізі құрал болып тұрғанын естеріңізге сала кеткіміз келеді.

Абзал Малбасқанов сұхбат барысында масканы тек дені сау не ауырып жүрген адамдар ғана емес,  сондай-ақ, коронавируспен ауырып болған адамдар да тағуға міндетті екендігін атап өтті. 

  «Бұл пандемия кезіндегі әлеуметтік жауапкершіліктің ең өткір мәселесі. Себебі, адамдар коронавируспен ауырдым және маған енді жұқпайды деп ойлайды. Алайда олардың басқаларға жұқтыру қауіпі әрқашан бар», — деді Абзал Малбасқанов.

Бір рет ауырған адамдардың қайтадан ауыру қауіпі бар екендігін айтып өтті. Естеріңізге сала кетейік, COVID-19-ды қайта жұқтыру қаупі жоқ екендігі туралы ғылыми дәлел жоқ.

Сондай-ақ, ол маска тағу – қауіптілігі жағынан тәуекел тобына  енетін туған-туыстарын қорғауға мүмкіндік беретінін айтты. Жастарда бұл аурудың симптомы білінбей өтуі мүмкін. Алайда олар егде жастағы адамдарға  инфекция таратушы болулары әбден ықтимал. Ал егде адамдар бұл аурумен ауыр немесе өте ауыр формада ауырады.

  «Кейбір адамдар өздерінің коронавируспен ауырып жүргендігін білмейді. Өйткені,  оларда симптомы байқалмай өтеді. Бұл адамдар басқаларға, әсіресе ата-анасына жұқтырады. Олар өздері ауырмайды, бірақ байқамай  жақындарына жұқтырады», — деп толықтырды Абзал Малбасқанов.

Сондай-ақ, фтизиатр дәрігер маскаларды қолдану және жою ережелеріне тоқталды.

 «Бір масканы бірнеше күн бойы және екі сағаттан артық тағуға болмайды. Матадан жасалған маскалар бар. Оларды ұзақ қолдануға, қайтадан жуып,  дезинфекция жасап қайтадан таға беруге болады», — деп түйіндеді сөзін А. Малбасканов.