Жаңалықтар

Алматыда 1300-ден астам адам ет алуға өтініш білдірген

Өтініш онлайн арқылы қабылданған

Алматыда 1300-ден астам адам Qurban-2020 онлайн платформасы арқылы құрбандыққа шалынған малдың етін алуға өтініш білдірген. Бұл туралы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн брифингі барысында Бостандық ауданының «Байкен» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев айтты, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында Құрбан Айт дәстүрлі мерекесіне құрбандық шалу онлайн форматта өтеді. Құрбан шалуға және сойылған құрбандық малының етін алуға өтініш беру үшін Qurban-2020 онлайн платформасы құрылған.

    «Бүгінгі таңда 1305 адам құрбандыққа шалынған етті онлайн платформа арқылы алуға өтініш білдірген», — деді Данияр Жұмабаев.

Сонымен бірге, ол қала тұрғындарынан құрбандыққа 49 қой, 18 ешкі және 8 басқа малды шалуға өтініш түскенін айтып, толықтырды. Барлық еттің қайырымдылық аясында мұқтаж жандарға таратылатынын атап өткен жөн.

Құрбандық шалуға және мұқтаж, аз қамтылған қала тұрғындарының ет алуға қалдырған өтініштерін алу сайтта 24 шілдеден 30 шілде аралығында жүргізіледі. 

Қосымша ақпарат алу үшін байланыс телефондары: 8(700)7197622, 8(727)3976390.