COVID – 19 коронавирус инфекциясына қарсы қазақстандық вакцина сынақтан сәтті өтуде. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми Telegram каналы хабарлады.
Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты COVID-19-ға қарсы вакцинаны дайындауға наурыз айының ортасынан бастап кірісті. Жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесінде 9 мамырда БҚПҒЗИ ғалымдары алғашқы вакцинаны шығарды.
15 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны өз сайтында клиникаға дейінгі сынақтарға арналған кандидаттық вакцина ретінде тіркеді.
ДДСҰ-да тіркелген күні зертханалық жануарларға вакцинаның клиникаға дейінгі сынақтары басталды. Бүгінгі таңда сынақ нәтижелері ДДСҰ регламенттеген барлық параметрлер бойынша вакцина ДДСҰ мен ҚР мемлекеттік фармакопеясының талаптарына сәйкес келетінін көрсетеді.
БҚПҒЗИ вакцинаны антиденелер титрі жоғары иммуногенділікті көрсеткен приматтарда да сынақтан өткізіп жатыр. Клиникаға дейінгі зерттеулер аяқталғаннан кейін вакцинаның клиникалық сынақтары басталады.
Сондай-ақ, БҚПҒЗИ әртүрлі платформаларда тағы 3 вакцинаны дайындап жатыр.