COVID-19 немесе вирустық пневмонияны жұқтырған жағдайда медицина қызметкерлеріне төлем жасауға 123 өтінім келіп түсті. Өңірлер бөлінісінде өтінімдердің ең көп саны Алматы қаласынан (46), Алматы (38) және Солтүстік Қазақстан (10) облыстарынан келіп түсті. Барлық келіп түскен өтінімдер бойынша МӘСҚ-дан 2 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлем жүзеге асырылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Медицина қызметкерінің коронавирустық инфекциядан, вирустық пневмониядан қайтыс болу жағдайлары бойынша МӘСҚ-қа өтінімдер түскен жоқ.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жоғарыда көрсетілген төлемақыны алуға құқығы бар медицина қызметкерлерін облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармаларындағы арнайы комиссиялар ауру жұқтыруын тексеру нәтижелері бойынша анықтайды. Барлық өтінімдерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жинақтайды.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен ҚР Денсаулық сақтау министрінің 9 сәуірдегі «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына ағымдағы жылдың 22 шілдесінде енгізілген өзгерістерге сәйкес жоғарыда көрсетілген төлем:
– коронавирустық инфекция немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн. теңге;
– COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырғаннан, вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына – 10 млн. теңге көлемінде төленеді.