Байқоңыр қаласында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб отырысында қала аумағында карантин шараларын ұзарту жөнінде шешім қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Екі апта бұрын шұғыл штаб карантинді 2 тамыздан бастап жұмсартуды жоспарлаған еді. Статистикаға сенсек, шілде айында ауру жұқтыру деңгейі біршама төмендеген, бірақ бұл көрсеткіш әлі орнықты емес. Сондықтан шектеу шаралары тағы бір аптаға, яғни 9 тамызға дейін ұзартылды.
Шұғыл штаб мүшелері азық-түлікке жатпайтын тауарлардың таза ауадағы саудасын қайта жандандыру ұсынысын қолдады. Оқшаулану режимінің уақыты – түнгі 23:00-ден таңғы 06:00-ға дейін. 3 тамыздан бастап Байқоңыр қаласына кіреберістегі өткізу бекетінде қауіпсіздік басқармасы мен қалалық әкімшілік мамандары жұмыс істейді.
«Келесі аптаның соңына қарай шаһар аумағында коронавирус инфекциясы жағдайының даму үрдісі айқынырақ көрінеді. Бұл медицина мамандарының шектеу шараларын әрі қарай қатайту керек пе, әлде жұмсартқан жөн бе – сол жөнінде нақты шешім шығаруына мүмкіндік береді» деп атап өтті шұғыл штаб төрағасы, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин.