Құрбан айтта 58 465 отбасыға құрбандық еті таратылды

Жарияланды
Құрбандық еті қарттар, жетімдер, балалар үйлері мен ауруханаларға тегін таратылды

Қасиетті Құрбан айттың екінші күнінде де еліміз бойынша құрбан шалу рәсіміне қатысты ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстары жоғары деңгейде өтті. Бұл туралы Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының сайты хабарлады.

Үйлестіру жұмыстарына бекітілген ҚМДБ қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, өз міндеттерін тиісті деңгейде орындады. Жұмыс барысында санитарлық талаптардың сақталуы қатаң қадағаланды.

Мұсылман қауымының ұлық мейрамында қайырымдылық шарасын жандандыра түсу мақсатында құрылған арнайы жұмыс тобы республика бойынша 58 456 мұқтаж отбасыға құрбандық етін жеткізді.

Еліміз бойынша www.qurban2020.kz сайтына қашықтан құрбан шалуға тапсырыс берген азаматтардың уәкілдік құрбандығы толығымен орындалды. Осы уәкілдік құрбандығының есебін қажет еткен жандарға атқарылған іс-шаралардың фото, видео мәліметі толық жіберілді. Уәкілдік құрбандыққа қатысты туындаған сұрақтар бойынша азаматтермен жеке жұмыс жасалып, мамандарымыз тиісті жауаптарын берді. Сұрақтар толығымен қанағаттандырылды.        

Айта кетсек, айттың бірінші күні (31.07.2020) ҚМДБ-ның аймақтағы өкілдіктері көмекке зәру 30 715 отбасыға құрбандық етін жеткізіп, мерекелік қуанышқа бөлеген болатын. Ал айттың екінші күнінде (01.08.2020) 27 741 отбасыға ет үлестірілді. Жалпы алғанда, яғни, барлық облысты қамтығанда Құрбан айттың екі күнінде 58 456 жанұяға ет жеткізілді.    

Сонымен қатар, құрбандық еті қарттар, жетімдер, балалар үйлері мен ауруханаларға тегін таратылды. Мерекелік қуанышқа бөленген жандар алғыстарын айтып, ризашылық сезімдерін білдіруде. Сондай-ақ, қашықтан құрбан шалуға тапсырыс берген азаматтар тарапынан да телефон, әлеуметтік желі, уатсап арқылы жылы лебіздер мен игі тілектер келіп түсуде.  

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қайырымдылық шарасына белсенді түрде атсалысып, мұқтаждың мұңын бөлісіп, сауапқа үлес қосқан барша азаматтарға, сондай-ақ жекелеген кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларына айрықша алғыс айтамыз.

Алла Тағала жасаған қайырымдылықтың қайырын өздеріңізге еселеп қайтарсын деген дұға-тілектеміз.  
 

Сондай-ақ оқыңыз