Рецессия кезіндегі нарық: болжам мен белгі
АҚШ қор нарығының соңғы рецессиялар кезіндегі динамикасына көз салсақ, нарық бұдан әрі қалай құбылары жайлы болжамды белгілерді ғана емес, бірқатар ескертпені де байқауға болады.
Қазіргі кезде америкалық компаниялардың акциялары қымбаттап жатыр: көптеген технологиялық компанияларды біріктірген Nasdaq Composite индексі жақында рекорд жаңартты, ал S&P 500 индексі қазір өзінің тарихи максимумына 3 пайыз жетпей тұр. Алайда, АҚШ жалпы ішкі өнімінің II тоқсандағы көрсеткішін көргенде, оның нәтижесі инвесторларды қуантпайтыны анық. Wall Street Journal сауалнама жүргізген сарапшылар АҚШ экономикасы шамамен 32%-ға төмендеді деп тұжырымдайды. Бұл – АҚШ бұған дейін басынан өткерген рецессиялардың ішіндегі ең қиыны.
Осы орайда бірқатар сарапшылар қор нарығының өсуі рецессия аяқталып келе жатыр дегенді білдіре ме, әлде инвесторлар экономика арбасының алдына түсіп алды ма деген сауал тастап отыр.
Соңғы 5 рецессия кезінде S&P 500 индексінің бет алысы ала-құла болды. Кейде индекс расында экономика бет алған бағытты дұрыс көрсететін. 1980 жылдан бері бастан өткерген 5 рецессияның үшеуінде қор нарығы рецессия бітер алдында шарықтау шегіне жеткен.
1980 жылдың қаңтарынан басталып, шілдеге дейін жалғасқан экономикалық құлдырау кезінде S&P 500 индексі 15 пайызға өскен. Бұл -ауқымды қор нарығының соңғы 40 жылдағы ең жоғарғы өсім көрсеткіші. 1981-1982 жылдардағы құлдырау кезінде S&P 500 индексі 1981 жылдың шілдесінен 1982 жылдың тамызына дейін төмендеп барып, қараша айына қарай, рецессия аяқталған соң, индекс 6,7 пайызға жетіп, бастапқы көрсеткішінен де асып түсті.
Ал ең соңғы 2 рецессия кезінде S&P 500 біршама төмен көрсеткіш көрсетті.
2001 жылдың наурызынан қарашаға дейін созылған құлдырау кезінде индекс 8,1% жоғалтты. 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысына тап келген құлдырау кезінде рецессияның соңына қарай индекс бұрынғысынша 38%-ға төмен болды.
«Қор нарығы экономикаға тең емес екенін есте ұстаған жөн», – дейді Oxford Economics сараптамалық кеңсесінің бас экономисі Грегори Дако. – Акциялардың қозғалысы ұзақ уақыт бойы кез-келген экономикалық шындықтан мүлдем алшақ болуы мүмкін».
Инвесторлар қазіргі рецессияның өзін-өзі сарқып, шарықтау шегіне жеткенін ескеріп, тәуекел етіп отыр. S&P 500 индексі биылғы минимумымен салыстырғанда шамамен 40%-ға өскен. Қазіргі кезде ол рецессия ресми түрде басталған ақпан айындағы көрсеткішпен салыстырса, сәл жоғары.
Алайда соңғы көрсеткіштер экономика жылдам қалпына келеді деп уәде беріп отырған жоқ.
Рецессияға ресми сараптама жасайтын АҚШ ұлттық экономикалық зетттеулер бюросы ішкі жалпы өнімнің көрсеткіштерін ғана есепке алмайды. Қағалап, зерттеліп отырылуы тиіс дүние – табыс деңгейі, әсіресе айлық жалақының көтерлуі мен төмендеуі назарда болуы шарт.
Кіріс деңгейін бақылауда бюро қолданатын негізгі көрсеткіштің бірі – трансферттік ақшалай түсімді (яғни жұмыссыздық бойынша берілетін мемлекеттік жәрдемақы) алып тастағандағы жеке табыс. Бұл мәселе биылғы мемлекеттік жәрдемақы көлемін ескере отырып, қазіргі құлдырау кезінде ерекше маңызды.
Әрбір рецессия кезінде бұл көрсеткіш ең төменгі деңгейге түседі, оны бюро кейінірек экономикалық өсімнің жаңа кезеңінің бастауы ретінде атап көрсетеді. Тек соңғы рецессия ғана өзгешелеу болды. Ведомствоның мәліметінше, ол 2009 жылдың маусым айында аяқталғанымен, кіріс тек қазан айында ғана төмендеген.
Биыл табыс деңгейі сәуір айында қатты төмендеп кетті. Ал мамыр айында сәл-пәл жоғарылады. Бұл расында қайта өрлеудің бастауы ма? Бұл сауалдың жауабын тек шілде айының көрсеткіштері шыққан соң біле аламыз.
Ішкі жалпы өнім жайындағы бейсенбі күні жарияланған есеп көптің көңілін аударғанымен, бірқатар сарапшылар жұма күнгі есеп инвесторлар үшін маңыздырақ деп тұжырымдайды.
«Бұл көрсеткішке мән беретіндердің қатары аз, алайда оның маңызы жоғары, – дейді DataTrek Research сараптама орталығының ортақ құрылтайшысы Николас Колас.– Табыстың төмендеуі тоқтаған кезде рецессия бітті деп есетеуге болады».