Жаңалықтар

Өкпесі 90% зақымданған ана босанды

Дүниеге COVID-19 симптомы жоқ, дені сау нәресте келді

Алматылық дәрігерлер өкпесі 90% зақымданған жүкті әйелді аман-есен босандырып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, Алматы қаласында 23 жастағы әйел жүктіліктің 38 аптасында жоспарлы түрде босануға келген. 

 «Ол перзентханаға жоғары температура, жөтел және ентігумен түсті. Науқасты тексеру кезінде дәрігерлер COVID-19, екі жақты полисегментарлы пневмония диагнозын қойды. Сонымен қатар, тексеру барысында науқастың өкпесінің 90% зақымданғаны анықталды. Науқас дереу жансақтау бөліміне жатқызылды. Ал, келесі күні оның толғағы басталды. Перзентхана дәрігерлердің командалық жұмысы мен олардың үйлесімді әрекетінің арқасында салмағы 3 келіден асатын ұл бала дүниеге келді», – деп хабарлайды Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. 

Босанғаннан кейін Динараның (науқас) жағдайы өте ауыр деп бағаланды. Сондықтан ол 27 күн бойы жансақтау бөлімінде өкпені жасанды желдету апаратына қосылды. Тек 29 шілде күні ғана науқастың жағдайы жақсарып, бейінді бөлімшеге ауыстырылды. 

 «Ақ халатты абзал жан, керемет дәрігер, реанимация бөлімінің жетекшісі – Гүлнұр Алтайқызы Байболоваға алғысым шексіз және маман ретінде ғана емес, адам ретінде жоғары бағалаймын. Мені осындай дәрігерге жолықтырған үшін Аллаға ризамын. Сондай-ақ, осы №2 перзентхананың барлық медицина қызметкерлеріне науқастарға үлкен жауапкершілікпен және құрметпен қарап, тынымсыз еңбегіне, сапалы медициналық қызметі мен қамқорлығы үшін алғыс айтамын. Дәрігерлер маған екінші өмір сыйлады және осы кісілердің арқасында әлі өзім көрмеген дені сау сәби дүниеге келді. Бүгін сәбиімді бірінші рет көріп, құшағыма басамын», – дейді Динара Серікбол. 

Дүниеге COVID-19 симптомы жоқ, дені сау нәресте келді. Сәбиді перзентханадан екі күннен кейін шығарған. Қазіргі уақытта ол ата-әжесінің қолында. Баланың атын Омар деп қойды.