Жаңалықтар

Пошта қызметкері тұрғындардың есепшотынан заңсыз ақша шешіп алған 

Алаяқ 1.5млн теңгеге жуық ақша жымқырған

Түркістан облысының полицейлері бес тұрғынның ақшасын есепшотынан шешіп алған пошта қызметкерін ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.

 Келес АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті екі тұрғын арызданады. Жәбірленуші әйелдердің айтуынша, оларға мемлекет тарапынан бөлініп, есепшоттарына түскен атаулы әлеуметтік жәрдемақысының бір бөліктерін белгісіз біреу шешіп алған. Осылайша алаяқ, екі әйелдің әрқайсысынан 300 000 теңгеден астам ақшасын заңсыз иемденген.

Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 189-бабы бойынша тіркеліп, СДТТБТ-не енгізілді. Қылмыстық істің мән-жайын анықтау, ашу барысында келестік тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылып, барлық қажетті тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктінің жеке-басын анықтады. Ол жергілікті тұрғын, бұрынғы пошта қызметкері болып шықты.

Тергеу барысында күдікті пошта бөлімшесінде жұмыс жасайтын кезінде тұрғындардың ақшасын өзі қол қойып, шешіп алғаны айқындалды. Сонымен қатар, күдіктінің осыған ұқсас тағы үш жайтқа қатысы бары анықталды. Ол өз кінәсін толық мойындап отыр. Осылайша күдікті жәбірленушілердің 1,5 миллионға жуық ақшасын есепшоттарынан заңсыз алып, өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Бас шарасы қолхатпен босатылды. Өзінің қызметін пайдалана отырып, жалған құжаттармен, өзгенің сеніп тапсырылған ақшасын иемденген күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.