Жыл басынан бері 43 мыңнан астам қазақстандық зейнетке шықты
Биылғы жылдың 7 айында 43 453 қазақстандық жасына байланысты зейнетақының тағайындалуына өтініш білдірді. Айта кетейік, өткен жылдың дәл осы кезеңінде 41 мыңнан астам азамат зейнетке шыққан. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының «Азаматтарға арналған үкімет» баспасөз қызметі хабарлайды.
Зейнеткерлікке шыққандардың арасында Алматы (5 мыңнан астам), Түркістан (4,5 мыңнан астам) және Шығыс Қазақстан (3,8 мыңнан астам) облыстарының тұрғындары көп. Ең төменгі көрсеткіш Атырау облысына тиесілі, онда 7 ай ішінде 1295 тұрғын зейнеткерлікті рәсімдеген.
Естеріңізге салсақ, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінішті зейнет жасы толғанға дейін 10 күн бұрын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офисі арқылы беру керек. ХҚО-ға бару үшін алдымен egov.kz порталы немесе eGovKzBot2.0 телеграм-боты арқылы кезек уақытын брондау қажет.
Сондай-ақ коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында мемлекеттік корпорация eGov.kz порталына электронды өтінішті жіберу арқылы қашықтан зейнетақы тағайындау мүмкіндігін қарастырды.
Өтініш беру үшін азамат электрондық цифрлық қолтаңба немесе біржолғы жасырынсөз арқылы egov.kz порталына кіру керек. Содан кейін «Электрондық өтініштер» сервисін таңдап, қызметке онлайн тапсырыс беру қажет. Содан кейін жеке ақпарат, оның ішінде электронды пошта мекенжайы, телефон нөмірі, қызмет атауы және т.б. мәліметтер толтырылуы тиіс.
Сондай-ақ құжаттардың сканерленген немесе фото көшірмелерін (қажет тізімді 1414 байланыс орталығынан немесе gov4c.kz веб-сайтындағы «Мемлекеттік қызметтер стандарттары» бөлімінен білуге болады), соның ішінде қызмет алушының жеке қолтаңбасымен куәландырылған өтінішті де жүктеу қажет. Жолданатын тарап бағанында – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аймақтық филиалын таңдау керек.
Өтінімнің соңында ЭЦҚ-мен қол қойылуы тиіс.
Сұрақтар туындаған жағдайда, мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері қызмет алушымен көрсетілген телефон нөмірі арқылы байланысады.
Мемлекеттік қызмет нәтижесі қызмет алушының жеке кабинетінде көрсетіледі.
Айта кету керек, БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер мен базалық зейнетақы төлемдеріне өтініш композит аясында бір өтініш арқылы ұсынылады.