Тамыз айында теңгенің халі не болмақ?

Жарияланды
Сарапшылар тамыз айы теңге курсы үшін аса маңызды екенін айтады

Ұлттық Банк мәліметіне сүйенсек, бүгін, яғни, 7 тамыз күнгі 1 АҚШ доллары 417,87 теңгеге тең. Ал KASE мәліметінше, 6 тамыз күні теңге бағамы 417,68 деңгейінде тұрақтаған. Осы бағам бойынша биржада 618 сатылым жасалған. 

KASE-дегі сатылымдар бүгін 15:00-ге дейін өткізілмек. Ұлттық Банк монетарлық операциялар департаментінің директоры Иван Сердюктің айтуынша, тамыз басталғалы бері мұнай бағасы көтерілген. Оған бірден бір себеп болған факторлар – АҚШ-тағы мұнай қорының азаюы және Бейруттегі жарылыс. Еске салсақ, сәрсенбі, 5 тамыз күні Brent маркалы мұнай бағасы 5 айдан бері алғаш рет барреліне 45 доллардан асып, 45,3 баррелге жеткен болатын. АҚШ энергетика министрлігінің дерегінше, елдегі мұнай қоры өткен аптада 7,4 млн баррелге дейін азайып, жалпы қоры 518,6 млн баррелді құраған. Сонымен қатар елдегі мұнай өндірісі де 11 млн баррелге дейін қысқарған. Сарапшылар бұған дейін АҚШ ары кетсе өндірісті 3 млн баррелге дейін ғана қысқартады деп болжаған еді. Әрине, осы елеулі фактор «қара алтын» бағасының өсуіне ықпал жасап отыр. 

 «Егер мұнай бағасы тұрақталып, біртіндеп өсім жағдайына көшсе, бұл теңге курсына да оң әсер етуі мүмкін. Яғни, валюта түсімі көбейеді және жыл соңына қарай төлем балансы жағдайы жақсарады. Сондай-ақ теңгеге дәстүрлі факторлардан бөлек, мемлекеттік құнды қағаздар нарығы да әсерін тигізеді. Оның біздің валютаны қолдайтындай потенциалы бар. Қазіргі уақытта теңге құралдары шетелдік инвесторлар үшін басқа елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарының фонында өте тартымды көрінеді. Шетелдік инвесторлардың бағалы қағаздарды сатып алуы валюта нарығына әсер етеді, теңгенің нығаюына ықпал ететін валюта көп болады. Сондай-ақ әр тоқсанның әрбір екінші айы – «үлкен салық аптасы» болып саналады. Осы уақытта экспорттаушылар жалдау салығын және пайдалы қазбаларды өндіру салығын төлейді. Салық төлеу үшін экспорттаушылар валюталарын сата бастайды»,– дейді ҰБ өкілі. 

Ұлттық Банктің базалық пайыздық мөлшерлемені 9 пайыз деңгейінде ұстап тұруы да теңге тұрақтылығына оң әсер етпек. ҰБ төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтың айтуынша, қаржы нарығы қатысушыларынан базалық мөлшерлемені 4-5 пайызға дейін төмендету туралы да ұсыныс болған. 

 «Шын мәнінде ондай шешім қиын жағдайға соқтырушы еді. Егер солай істесек, онда банктер депозит мөлшерлемесін 4-5 пайызға дейін төмендетуге мәжбүр болады. Ал ондай жағдайда көптеген салымшылар шетел валютасына ауысып кетуі мүмкін. Осыдан келіп теңгені қаржыландыру базасы да азаяды. Экономика құлдырап, барлығы валюта нарығында ойнай бастайды. Қазіргі және алда күтілетін инфляция базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бермейді. Базалық мөлшерлеме экономикадағы нақты ақша бағасына сай келуі тиіс»,– деген еді Баймағамбетов. 

Сарапшылардың айтуынша, бұрын жаз айларында көптеген қазақстандық теңгесін шетел валютасына ауыстырып, өзге мемлекеттерге демалысқа кетуші еді. Бұл – маусымдық фактор. Ал биыл коронавирус пандемиясына байланысты көп елдің шекарасы жабық. Сол себепті, осы жылғы «маусымдық фактор» теңгеге көп залалын тигізе алмайды. Жыл басынан бері айырбастау бекеттерінде ай сайын шетел валютасында 385 млн доллар сатылған. Бұл – 2018, 2019 жылдарға қарағанда әлдеқайда төмен көрсеткіш. Ол кездерде айлық көрсеткіш 575 және 653 млн долларды құраған. 

Есеп айырысу жүйесін жетілдіру және коммуналдық төлемдерді жинаумен айналысатын «Астана-ЕРЦ» ЖШС сарапшыларының болжауынша, жыл аяғына дейін теңгенің орташа курсы 417,6, ал инфляция 7,3 пайыз деңгейінде тұрақтамақ. 

«Біздің бағалауымызша, жыл соңында негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 0,1 пайыз көлемінде болады. Карантин жағдайы еңбек нарығына да зиянын тигізіп жатыр. Жалпы, 2020 жылдағы теңгенің орташа бағамы 417,6 деңгейінде болады. Бұл 2019 жылға қарағанда ұлттық валютаның 9,1 пайызға әлсірегенін байқатады»,– делінген зерттеуде. 

FINANCE.KZ сарапшылары жүргізген сауалнама қорытындысына сүйенсек, 28 пайыз ел азаматтары тамыз айында теңгенің орташа курсы 420-430 шамасында болады деп болжаған. 26 пайызы  410-420 болады десе, 25 пайызы 460-тан асып кетеді деп ойлайды. Ал теңге курсы мейлінше тұрақталып, 400-ден төмен түседі дегенге сенетіндер 3 пайызды құрайды екен. 

Risk Takers сарапшылары тамыз айы теңге курсы үшін аса маңызды екенін айтады. Себебі, 17-25 тамыз аралығында жер қойнауын пайдаланушылар үшін салық апталығы басталмақ. Жылына 4 мәрте болатын мұндай апта кезінде айырбас курсы нығайып шыға келеді. 

    «2016 жылдан бері 18 салық аптасы болған. Сол 18-дің 3-еуінде өткен аптамен салыстырғанда теңгенің құнсызданғаны байқалған. Қазір негізгі валютаға қатысты доллар тұрақты саудаланып жатыр. Егер АҚШ экономикасы төңірегінде дау жалғаса берсе, доллар күшеймесе, онда біз ай соңына дейін біршама нығаятын боламыз»,–дейді сарапшылар. 

Сондай-ақ оқыңыз