Алматыдағы әскери институт Абай күнін атап өтті

Жарияланды
Курсанттар Абай өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқыды

Алматыдағы әскери институт Абай күнін атап өтті. Бұл туралы РЭжБӘИИ баспасөз қызметі хабарлады. 

10 тамыз – Абай күніне орай Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттарымен қазақтың ғұлама, ойшыл ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының мұрасына арналған әдеби-шығармашылық сағаты өткізілді.

Шараның басты мақсаты – болашақ офицерлерді Абай мұрасына ортақтастыру, әйгілі ақынның идеясын кең насихаттау.

Әскери оқу орнының бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков Абай Құнанбаев мұрасының ерекше маңыздылығына тоқталып келе, қазақ ақынының еңбектері әлем әдебиетінің шоқтығы биік туындыларымен қатар тұрғанын, оны кеңінен насихаттау – игілікті іс, келер ұрпаққа артылар зор аманат екенін айтты.  

Курсанттар Абай өлеңдері мен қара сөздерін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жатқа оқыды, шығармашылығын талдап, домбырамен ән-күй шырқалды, ұлы тұлғаға арнаған өлең жолдарын жеткізді.

   «Абай өлеңдері терең ойға жетелейді, айналаңа басқаша көзқараспен қарауға үйретеді. Ұлы ойшылдың айтқан әрбір сөзі дөп басып айтылған, осы күнде де өзектілігін жоғалтпаған», – дейді курсанттар бірауыздан. 

Әскерилер ел Президенті Қ.Тоқаевтың Абайдың 175 жылдығын тойлау туралы бастамасын кеңінен қолдап, түрлі шараларға атсалысып келеді. Жыл басынан бері әскери оқу орынының көркем әдебиет кітапханасында «Абай мұрасы» атты көрме жұмыс істеп тұр. Оған данышпан ақын, ойшыл қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай Құнанбайұлының өлеңдер жинағы, қара сөздері жинақталған 1500-нан астам әдеби мұралары қойылды.  
 

Сондай-ақ оқыңыз