Биылғы жеті айдың ішінде тауарлар өндірісі 2,1%-ға өсті
Үкімет отырысында ҚР 2020 жылғы қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндама жасады. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
Руслан Дәленов атап өткендей, 2020 жылғы қаңтар-шілденің қорытындысы бойынша тауарлар өндірісі 2,1%-ға өсті, сонымен бірге, көрсетілетін қызметтер 6,2%-ға қысқарды. Нәтижесінде, жедел деректер бойынша, жалпы ішкі өнім 2,9%-ға төмендеді.
Жылдық инфляция 7,1% құрады. Бұл күтілген инфляция дәлізінен төмен (8-8,5%). Министрдің айтуынша, есепті кезеңде келесідей жағымды үрдістер байқалуда.
«Экономиканың нақты секторында өсім жалғасуда. Ең алдымен, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы салаларында. Импорттың төмендеуі аясында оң сауда балансы сақталуда», – деді Дәленов.
Сонымен қатар, карантиндік шектеулерге байланысты сервистік қызметтер көлемінің қысқаруы, сондай-ақ мұнай өндіру қарқынының жоспарлы төмендеуі байқалады, бұл экономиканың өсуін тежеуші факторы болды.
Өндірістік секторда 2,1%-ға өсім байқалады, оның ішінде құрылыста – 6,3%, өңдеу өнеркәсібінде – 3,8%, ауыл шаруашылығында – 2,5%-ға.
Сонымен бірге, қызметтер секторы салаларында, оның ішінде жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар – 4,3%, әкімшілік қызметтерді көрсету – 5,3%, сауда – 11,9% және көлік қызметтері – 15,6% төмендеу көрсетті. Бұл ретте, байланыс қызметтері 8,7%-ға артты. Осы жылғы маусымымен салыстырғанда, шілде айында қызмет көрсетудің бірқатар салаларында өсім жалғасты.
«Яғни, бір айда қаржылық және сақтандыру қызметі 29%-ға, тұру және тамақтану бойынша қызметтер – 10,2%, деректер беру – 6,7%, ұялы байланыс – 4,1%, интернет желісі 2,9%-ға өсті. Сондай-ақ жүк айналымы 5,6%-ға, оның ішінде темір жол көлігімен тасымалдау – 5,5%-ға, құбырлармен тасымалдау – 2,9%-ға өсті», – деді министр.
Қаңтар-маусымда сыртқы сауда айналымы $42,5 млрд құрады. Экспорт $26 млрд, импорт $16,5 млрд құрады. Сауда балансының оң сальдосы $9,5 млрд деңгейінде сақталуда. Өнеркәсіп өндірісі 1,3%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 3,8%-ға ұлғайды.