Наурыз айында елдегі квазимемлекеттік компанияларға валюталық түсімінің бір бөлігін сату міндеттелген болатын. Дәл қазір ұлттық валютаның сәл-пәл болсын құнын ұстап тұруына осы шара ықпал етіп тұр. Бүгін үкімет отысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев осы аралықта квазимемлекеттік сектор экспорттан түскен валюталық түсімнің 890 млн долларын сатқанын айтып өтті.
Әйтпесе ішкі және сыртқы нарықтағы жағдайлардың бәрі теңгені әлсіретіп барады. Шілденің басында 404 теңге тұрған бір доллар дәл қазір 420 теңгеге саудалып жатыр. Яғни, 1,5 айдың ішінде ұлттық валютамыз 3,5 пайыз құнсызданды.
Теңгенің одан әрі құнсыздануын мұнайдың сәл-пәл қымбаттауы тежеп тұр. Тек соңғы аптада ОПЕК+ мәмілесінің сақталуы арқасында бір баррель мұнай бағасы 40 доллардан 44 долларға көтерілді.
«Республикалық бюджетке кепілдік берілген трансфертті бөлу мақсатында Ұлттық қор активтерін конвертациялау, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор компаниялар экспорттық валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату жөніндегі шаралар ұлттық валютаға біршама қолдау көрсетті», – деді Досаев.
Айта кетейік, ұлттық валюта бағамын тұрақтандыру үшін үкімет квазимемлекеттік секторға экспорттық түсімінің бір бөлігін ішкі нарықта сатуды міндеттеген болатын. Бұл шара тек төтенше жағдай кезінде, негізгі капиталындағы мемлекеттің үлесі 50 пайыздан асатын компанияларға ғана қолданылады деп жоспарланған еді.
Жыл басынан бері Ұлттық қордың активтері шамамен 6,3 млрд доллар, соның ішінде шілде айында 1,1 млрд доллар көлемінде конвертацияланды.Қаңтар айынан бері ұлттық қордан 3,6 трлн теңге трансферт бөлінген.
Ұлттық банк валюталардың әлсіреуі дамушы елдердің бәріне тән құбылыс дегеннен танбай келеді. Инвесторлар коронавирустың екінші толқынына алаңдап, ол өз кезегінде дамушы елдердің қаржы нарығына кері әсеріп тигізіп жатыр екен. Осы кезеңде түрік лирасы 6,9%-ға, Индонезия рупиясы – 3%-ға, Аргентина песосы – 3,3%-ға, Ресей рублі де 3,6%-ға әлсіреген көрінеді.