Басқарма бірнеше жыл бұрын берілген субсидияны қайтарып алмақ болған

Жарияланды
Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бұл қадамы негізсіз деп танылды

Ақсу қаласындағы Евгеньевка ауылында орналасқан «Сергей» шаруа қожалығы – облыстағы үлгілі шаруашылықтардың бірі. Әу баста кәсіпті көкөністер өсіруден бастаған бұл шаруашылық соңғы уақытта мал басын көбейтуге де ден қойып келеді. Осы мақсатта үш жыл бұрын тауарлы сүт фермасын салып, өз қаржысына 330 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алған болатын. Сол үшін мемлекет оған 52 млн теңге субсидия берді. 

Бірақ бір жылдың ішінде сиырлардан бруцеллез ауруы шығып, 216 бас ірі қараны сойып, ет өңдеу орындарына тапсыруға тура келді. Мұны анықтаған Павлодар облыстық тексеру комиссиясы шаруа мал санын азайтқаны үшін мемлекетке 18,5 млн теңге қайтаруы тиіс деген шешім шығарды. 

«Асылтұқымды ірі қараның біреуін 900 мың теңгеге сатып алып, одан ауру шыққан соң тапсырып, әрқайсысынан тек 250 мың теңге алдым. Бүгінде қалған ірі қараның көбі төлдеп, бұрынғы мал санына жетіп қалды. Ал мойныма іліп қойған бұл қарыз қолымды байлап отыр», – деген еді шаруашылық басшысы Виктор Рямбов. 

Облыстық ауыл шаруашылық басқармасының өкілдері болса субсидияны қайтарып алу туралы талап заң аясында екенін алға тартып, барлығы негізді екенін айтады. Алайда Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері мемлекеттік мекеменің талабы орынсыз екенін дәлелдеді. Соның нәтижесінде шаруашылық 18,5 млн теңге субсидия қайтармайтын болды. 

 «Сергей» шаруа қожалығы мал сатып алып, сол үшін субсидия алған 2017 жылы мал санын сақтауға қатысты талап болмаған. Мұндай талап тек 2018 жылы енгізілді. Яғни, басқарманың субсидия қайтаруды сұрауы қисынсыз. Біз бұған нақты дәлелдерді келтірдік. Соның нәтижесінде «Сергей» шаруа қожалығы 18 млн теңгеден астам субсидияны қайтарып бермейтін болды», – дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің басшысы Сейфолла Қасымқанов. 

Жалпы, жыл басынан бері Павлодар облысында кәсіпкерлер палатасының араласуымен 700-ден астам кәсіпкердің 1 млрд  733 млн теңгеге құқықтары қорғалды. 
 

Сондай-ақ оқыңыз