ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік қызметкерлер үшін лауазымдық міндеттерін орындау кезіндегі мінез-құлықтың кәсіби этикасы бойынша әдістемелік ұсынымдарды бекітті. Бұл Қазақстан тарихындағы әлеуметтік сала мамандарының жұмысын реттейтін алғашқы құжат. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сайты хабарлады.
Әдістемелік ұсынымдар қоғам тарапынан әлеуметтік қызметкерлерге деген сенімді нығайтуға және олардың мәртебесін арттыруға, әлеуметтік қызметкерлер мен арнайы әлеуметтік қызметтерді алушылар арасындағы қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Құжатқа сәйкес, Әлеуметтік әділеттілік, адалдық, гуманизм, құзыреттілік, үздіксіз кәсіби даму және т. б. әлеуметтік қызметкердің негізгі этикалық қағидалары болып табылады. Сондай-ақ, әлеуметтік қызметкерлерге қызмет алушылармен, әріптестермен және қоғамда өзін қалай ұстау керектігі туралы ұсыныстар беріледі.
«Әлеуметтік қызмет көрсету, халықпен тікелей жұмыс істеу – бұл әдістемелік білім мен дағдыларды талап ететін еңбек. Адамдар қиын өмірлік жағдайда оларға жүгінеді, бұл моральдық тұрақтылық пен арнайы кәсіби этиканы қажет етеді. Әлеуметтік қызметкерлердің мінез-құлқы қоғамның сенімін нығайтуы керек. Сапасыз қызмет көрсету мен жанжалды жағдайлардың алдын алу үшін кәсіби этика маман даярлаудың ажырамас бөлігі болуы керек. Сондықтан Еңбекмині UNICEF-пен бірлесіп әлеуметтік қызметкерлердің этикалық мінез-құлқының әдістемелік ұсынымдарын әзірледі және қабылдады», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов.
Бүгінгі күні Қазақстанның әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінде 30 мыңнан астам адам еңбек етеді, олардың 11 мыңы – әлеуметтік қызметкерлер.