Жаңалықтар

18 тамыздан бастап қандай мекемелер жұмысқа кіріседі?

Елімізде карантин режимі бірте-бірте жеңілдетіледі

Бүгін мемлекеттік комиссия елдегі карантин режимін кезең-кезеңімен алып тастау туралы шешімге келді. Шешім 17 тамыздан бастап күшіне енбек. Бұл туралы ел үкіметінің баспасөз қызметі хабарлаған. 

Мемлекеттік комиссия мәліметінше, карантин уақытында еліміздегі эпидемиологиялық жағдай мейлінше тұрақталған. Медициналық ұйымдардағы қиын ахуал біршама жақсарған. Күнделікті вирус жұқтыру деңгейі 4 пайыздан 0,5 пайызға дейін төмендепті. Ал сауығып шыққандардыі саны 76 пайызға жеткен. Осының бәрін жақсы көрсеткішке балаған мемлекет әрі қарай карантинді ұзарта берудің мәні жоқ дейді. 

Мемлекеттік комиссия шешімі бойынша 17 тамыздан бастап бүкіл республика аумағында мына мекемелер өз жұмысын қайта бастайды: 

•    Сауда ойын-сауық орталықтары (бутиктер), сауда желілері, жабық базарлар (адам саны 30 пайыздан аспауы керек, 4 шаршы метрге – 1 адамнан); 
•    Сұлулық салоны, шаштараз, спа-орталық, косметологиялық қызмет көрсету нысандары (4 шаршы метрге – 1 адамнан, алдын ала жазылу бойынша); 
•    Бассейнсіз фитнес-орталықтар (50 пайызына дейін адам толуы тиіс, 5 шаршы метрге – 1 адамнан), монша және бассейнсіз сауналар (50 пайызына дейін адам толуы тиіс, 4 шаршы метрге – 1 адамнан); 
•    Коррекциялық балалар кабинеті, балалар және ересектер білім орталықтары (топта – 5 адамнан аспайды, алдын ала жазылу бойынша; мектепке дейінгі мекемелердегі кезекші топтар (15 адамнан аспайды); 
•    Ашық аспан астындағы аттракциондар (арақашықтық, маска). 

Сонымен қатар, 17 тамыздан бастап ашық аспан астында жеке және топтық жаттығу жасауға да рұқсат берілмек (5 адамнан аспайды). Спорттық ұлттық құрамалар мен клубтық командалар да жаттығуларына кіріседі. Комиссия шешіміне сәйкес қоғамдық көліктер де жүре бастайды. 

Не нәрселерге тыйым салынады?

•    Көрермендер жиналатын, спорттық, отбасылық, салтанатты және басқа да көпшілік жиналатын іс-шараларға (және үй ішіндегі); 
•    Бар, түнгі және ойын клубтары, караоке, фул-корт, кинотеатр, басқа да балалар мен ересектерге арналған ойын-сауық мекемелерінің жұмысына; 
•    Мәдениет нысандары, музей жұмыстарына және конференция, көрме, форумдар өткізуге;
•    Бассейн, қалалық және қоғамдық жағажай, ашық аквапарк жұмысына; 
•    Діни нысандар жұмысына; 
•    Қала аралық жолаушылар пойыздарының, автобус және микроавтобус қозғалысына;  

Эпидемиологиялық жағдайды қайта ушықтырып алмас үшін демалыс күндері шектеу шаралары күшіне еніп отыратын болады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазған. 

«Мемлекеттік комиссия әзірге тек жұмыс күндері ғана карантин шараларын жеңілдету туралы шешім қабылдады. Келесі аптада еліміз тағы екі күнге қатаң карантинге қайтып оралады. Бұл да инфекцияның таралуын тоқтату үшін жасалып отыр. Осылайша, 22-23 тамыз күндері 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуына тыйым салынып, қоғамдық көліктер қызметі тоқтайды, бизнес те жұмысын тоқтата тұрады. Бұл шектеудің азық-түлік дүкедері мен аптекаларға қатысы жоқ. Бізге әлі де жаппай адам жиналатын шаралардан бас тарта тұруға тура келеді. Бұл қауіпсіздік шараларынсыз алға жылжу мүмкін емес. Бір ауырған адамның өзі бірнеше ондаған адамға вирус жұқтыруы ықтимал. Біз бірінші карантиннен шыққаннан кейінгі қателікті қайталамауға тиіспіз» дейді министр. 

Оның айтуынша, карантиннің бес аптасында коронавирус жұқтыру көлемі біршама азайған. 

Бұған дейін 11 тамыз күні үкімет басшысы Асқар Мамин Денсаулық сақтау министрлігіне карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын мемлекеттік комиссия қарауына ұсынуды тапсырған болатын.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сол кезде елдегі эпидемиологиялық ахуалдың біршама тұрақтануы 5 тамызға дейін жариялаған карантинді біртіндеп жеңілдетуге мүмкіндік береді деп мәлімдеген.

Қазақстанда коронавирус 13 наурызда тіркелді, ал 16 наурыздан мемлекет басшысы төтенше жағдай режимін енгізді. Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев 14 және 27 сәуірде төтенше жағдайды тағы ұзартты. Төтенше жағдай 11 мамырда алынды. 

Төтенше жағдай режимі алынғанан кейін барлығы босаңсып, эпидемилогиялық ахуал өршіп кеткен соң, 5 шілдеден бастап 14 күнге жаңа шектеу шаралары енгізілді, ал 13 шілдеде Қазақстан басшысы карантин 2 тамызға дейін жалғасатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ, елімізде вирустың таралуы қарқыны төмендеп, ауруханаларда жатқан аурулардың сан азайса, 3 тамыздан карантинді жеңілдету жоспарланған болатын. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік комиссияға карантиндік шараларды тағы екі аптаға, 17 тамызға дейін ұзартып, кейін кезең-кезеңімен жеңілдетуді тапсырды.

Бүгінде coronavirus2020 сайтының мәліметі бойынша, коронавирус жұқтырғандардың саны 101372  адамға жетіп, соның ішінде  76756 пациент емделіп шықса, 1269 адам қайтыс болды. Сонымен қатар КВИ белгілері бар пневмонияны 15 732 адам жұқтырған, бұл аурудан 188 адам көз жұмды.