Армениялық автокөліктерді қай уақытқа дейін тіркеп үлгеру керек?

Жарияланды
Мүмкіндікті пайдаланып үлгеруге санаулы күндер қалды

Елімізде Армения территориясынан әкелінген автотранспорттық құралдарды тіркеу уақыты аяқталып қалды. Қазақстанға 2020 жылдың 1 ақпанына дейін кіргізілген, рөлі сол жақта орналасқан транспорт түрлері заңдастырылып жатыр. 

Ел үкіметінің «Қазақстан Республикасы азаматтарының Армения Республикасында тіркелген жекелеген көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуі мен пайдалануының кейбір мәселелері туралы» қаулысы аясында елімізде армениялық автокөліктерді тіркеу 1 маусымда басталған болатын. Тіркеу уақыты – осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады. 

Алматы қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиев Армениядан әкелінген көліктерге неліктен сары түс берілетінін айтты. 

«Әкелінген автокөліктер Арменияның өкілетті органдарында есепте тұр. Қазақстанға әкеліп тіркеу кезінде оларға сары нөмір беріледі. Себебі, аталған автокөліктер өзге елде тұрақты тіркеуде тұр. Бұл ретте нөмірлер автокөлік иесінің тұрғылықты жеріне байланысты аймақ кодымен бірге беріледі. Сондай-ақ тек басқаруы сол жақтағы көліктерге ғана рұқсат беріліп отыр. Себебі, елімізде 2009 жылдан бастап рөлі оң жақтағы көліктерге тыйым салынған. Бұл тыйым «жол қозғалысы туралы» заң және Кедендік одақтың «дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентімен бекітілген»,– дейді Мұратәлиев. 

Ал егер мұндай көліктің иесі көлікті сатқысы келсе не істеуі керек? Алдымен Қазақстанда автокөлігін есептен шығарып, қазақстандық мемлекеттік нөмірі мен техникалық төлқұжатын тапсырады. 

«Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында азамат қайтадан армениялық нөмірі мен техникалық төлқұжатын алады. Әрі қарай автокөлікті Арменияда есептен шығаруы тиіс. Содан соң Қазақстан заңнамасында қарастырылған есеппен төлем жасайды. Содан кейін барып көлікті басқа адамға сата алады. Жалпы алғанда тіркеу үшін – 695 теңге, техникалық төлқұжат үшін баж салығы – 3 473 теңге және мемлекеттік нөмір үшін баж салығы 7 778 теңге, нәтижесінде 11 946 теңге төлейді»– деді әкімшілік полиция басқармасының басшысы. 

Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазірге дейін Армениядан әкелінген 6000-нан астам автокөлік тіркеліп үлгерген. Әсіресе еліміздің батыс аймақтарында бұл процесс қарқынды жүруде. Өйткені Армениядан көлік әкелуден Аырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысының тұрғындары белсенділік танытқан. Армениядан әкелінген көліктердің жартысынан астамы осы аймақтарға тиесілі. 

Министрліктің хабарлауынша, азаматтар 1 қыркүйекке дейін армениялық автокөлік құралдарын тіркеп үлгеруі тиіс. Үлгермеген жағдайда олар 10 АЕК (26 510 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндетті. Ал тіркелмеген автокөлік айып тұрағына қойылады. 

 

Сондай-ақ оқыңыз