Жаңалықтар

Баянауыл бүгіннен бастап туристерді қайта қабылдайды

Демалыс үйлері санитарлық талаптарды сақтамаса, қайта жабылады

Павлодар облысының бас санитарлық дәрігері Батырбек  Әлиев14 тамыздан бастап санаторий, туристік базалардың жұмыс істеуіне рұқсат беретін қаулыға қол қойды. 

«Санитарлық және дезинфекциялық режимді күшейтіп, әлеуметтік қашықтықты, бетперде режимін сақтай отыра, сыйымдылығын 50 пайызынан асырмай санаторий-курорттық нысандардың, демалыс үйлерінің, туристік базалардың жұмысы қайта жанданады.  Мобильді топтардың тексерісінен өтіп, дайындық актілерін алған туристік нысандардың (қонақ үйлер, санаторийлер, пансионаттар, демалыс үйлері, туристік базалар) жанындағы жағажайлардың жұмысына рұқсат беріледі. Бір келушіге арналған аумақ кемінде төрт шаршы метр болуы тиіс. Демалушылар алдын ала жазылып, уақыт 10.00-ден 20.00-ге дейін шектелуі керек. Екі апта аралығында мониторинг жүргізіледі. Санитарлық-карантиндік шаралар сақталмаған жағдайда рұқсатнамалар кері қайтарылады», – делінген қаулыда. 

Сөйтіп, еліміздің курорттық аймақтарының үздік ондығына кіретін Баянауыл да туристерді қабылдайтын болады. Биыл мұндағы туристік маусым бар-жоғы екі аптаға созылып, 19 маусымда демалушылардың келуіне тыйым салынған болатын. 

Бұл кезеңді жергілікті әкімдік пен демалыс үйлері текке өткізген жоқ. Туристердің жоқтығын пайдаланып, біраз уақыттан бері кейінге шегеріліп келе жатқан жөндеу жұмыстарын жүргізіп, демалушыларға қолайлы жағдайл жасап үлгерді. Мысалы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Торайғыр, Сабындыкөл және Жасыбай көлдерінің жағасын абаттандырылып, Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесіне және Қоңыр әулие үңгіріне апаратын жолдар жөнделді. Сонымен қатар, бүгінде бағдарлама бойынша курорттық аймақ маңында орнату жоспарланған 10 санитарлық-гигиеналық тораптың тоғызы қойылды. Республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер есебінен Торайғыр ауылындағы қосымша станциядан Жасыбай көлінің жағасындағы нысандарға дейін электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. 

Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімовтің айтуынша, курорттық аймақтағы 28 демалыс үйінің дайындық актісі бар. Яғни, олар 50 пайыздық жүктемемен туристерді қабылдауға әзір.  

Айта кетелік, былтыр Баянауылда 130 мыңнан аса турист демалған болатын. Туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2025 жылы келушілер санын 450 мыңға дейін жеткізу жоспарда бар.