Жаңалықтар

Жасырын алкоголь өнімдерін саудалағандар анықталды

Құрамында спирті бар 16,5 литр өнім алынды

Петропавл полицейлері қала орталығында алкоголь өнімдерін жасырын саудалау фактісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қаласы Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі қызметкерлерімен алкогольдік өнімдерді заңсыз сату фактісі анықталды. Құрамында спирті бар 16,5 литр өнім алынып, сараптамаға жіберілді. Полицияға Мұқанов көшесі бойындағы азық-түлік дүкендерінің бірінде алкоголь өнімдерін заңсыз сату жолға қойылғандығы жөнінде ақпарат келіп түсті.

Тексеріс барысында аталған ақпарат расталды: 11 сағат 45 минутта «Пшеничная» арағының 0,5 литрін 600 теңгеден саудалау фактісі анықталды. Учаскелік полиция инспекторларымен материал жиналып, 33 шөлмек алкоголь алынды. Барлық шөлмектердегі акциздік маркалар стандарт бойынша жапсырылмаған.

Алынған алкоголь өнімдері сараптамға жіберілді. Дүкеннің иесі этил спиртінің көлемді үлесі 30% асатындарын сағат 21-ден келесі күнгі сағат 12-ге дейін бөлшек сауда арқылы өткiзгені үшін ҚР ӘҚБтК 200-бабының 3-бөлігі (Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Баптың санкциясымен жеке тұлғаларға 10, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, алкогольдік масаң күйде жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары ұдайы бақылауда.

Биылғы жылдың жеті айында облыс бойынша алкоголь өнімдерін сатуға қойылатын талаптарды бұзудың 88 фактісі, заңсыз сауданың 134 фактісі, сондай-ақ этил спирті айналымының ережелерін бұзудың 8 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 500 литрден астам алкоголь алынды.

Сонымен қатар, жыл басынан алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда масаң күйде жүрудің 7172 фактісі анықталды.