ОПЕК+ келісімі Қазақстанның мұнайдан табыс табуына кері әсер етті ме?
Қазақстанның мұнай өндірісі 2019 жылға қарағанда біршама төмен. Коронавирус пандемиясына байланысты ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін азайту туралы келісімі біздің өндіріске де едәуір салқынын тигізді.
Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, биыл қаңтар-шілде аралығында өндірілген мұнай мен конденсат көлемі 51,5 млн тонна болған. Бұл 2019 жылдың тап осы кезімен салыстырғанда 1,4 пайызға төмен екен. Ал қаңтар-шілде аралығында өндірілген мұнай өнімдерінің көлемі – 6,4 млн тонна. Бұл тұрғыда былтырғы көрсеткіштен алдамыз дейді министр. Нақтылап айтар болсақ, жыл басталғалы Қазақстанда 2,5 млн тонна автокөлік бензині, 2,5 млн тонна дизельді отын, 253 мың тонна әуе отыны, 1,1 млн тонна мазут және 539 мың тонна битум өндірілген.
«Мұнай өңдеу зауыттарындағы қарқынды жұмыстың арқасында мұнай өнімдерінің көлемі өсіп жатыр. Қазір ішкі нарықты өз мұнай өнімдерімізбен толық қамти аламыз» дейді Нұрлан Ноғаев.
Мұнаймен қатар газ өндірісі де қарқынды жүруде. Жыл басталғалы 33,4 млрд куб метр көгілдір отын өндірілген. Осыншама газдың 9,5 миллиард куб метрін өзіміз ішкі нарықта тұтынамыз. Сығымдалған газ да өндіріліп жатыр. Бұл өнімнің биыл 1,8 млн тоннасы нарыққа шығарылған. Оның 938 мың тоннасының рахатын өзіміз көріп отырмыз. Олай дейтін себебіміз – сығымдалған газ автокөлік құралдарына отын ретінде де құйылады. Ноғаевтың айтуынша, энергетика және ұлттық экономика министрлігі бірлесе отырып сығымдалған газдың бөлшек саудадағы бағасын белгілемек. Қазірдің өзінде сығымдалған газ бағасы өңірлерде 2 пайыздан 32 пайызға дейін төмендеп, баға мәселесі тұрақталған.
Қайтадан жоғарыда айтып өткен мұнай мәселесіне келейік. ОПЕК+ келісіміне сәйкес Қазақстан мұнайды әдеттегіден аз өндіріп жатыр. Келісім бойынша Қазақстан шілде айында тәулігіне 1,319 млн баррель өндірген. Мұнай сақтау қоймалары кемерінен асып төгілмес үшін энергетика министрлігі орта, ірі және аса ірі кен орындарында мұнай өндірісін азайту туралы шешімге келген. Сәуір айындағы ОПЕК+ басқосуында мамыр-шілде айларында мұнай өндірісін тәулігіне 9,7 млн баррелге дейін қысқарту туралы келісім жасалған. Бұған қоса мұнай өндірісінің ұжымдық қысқартуын тәулігіне 9,7 млн баррелден тамыздың соңына дейін 7,7 млн баррелге төмендету де көзделген.
Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, Қазақстан мұнай өндірісін шілде айында 23 пайызға азайтқан. Тамыз-қыркүйекте 21, ал қазан-желтоқсанда 18 пайызға төмендетеді. Сонда еліміз 2020 жылдың қорытындысы бойынша жалпы көлемі 86 млн тонна мұнай ғана өндіруі тиіс. Жылдың басынан бері қазіргі уақытқа дейін 42 млн тонна мұнай экспортталған.
Шын мәнінде Қазақстан мұнай өндірісін қысқартып жатыр ма? Экономист Андрей Чеботарев бұл туралы былай пікір білдіреді.
«Ноғаевтың үкімет отырысындағы сөзіне қарасақ, біздің кен орындар өндірісті тіпті күшейтіп жатыр. Теңізде 12,4 млн тонна, Қашағанда 7,1 млн тонна, Қарашығанақта 5,2 млн тонна өндірілген. Қазақстанның пайдасына ойнап тұрған тағы бір фактор – біздің мұнайдың бір бөлігі енді Urals маркасымен сатылады. Ал бұл марканың бағасы әлемдік нарықта біраз көтерілді (барреліне 45 долларға дейін – ред). Жалпы, Қазақстан дұрыс стратегияны таңдап отыр. Егер ОПЕК+ қабылдаған қысқарту көлемін толығымен орындайтын болса онда бұл бүкіл өндірістің үштен біріне залал келтіреді немесе 32 пайыз өндірісті жоғалтамыз. Сөйтіп, 2008 жылғы дағдарысқа қайта оралар едік. Ондай жағдайда экономика көп зардап шегеді. Ал қазір біз болжамды бағадан екі есе жоғары бағада мұнай сатып отырмыз. Өндірісті де қатты қысқартпадық» дейді Чеботарев.
Еске салсақ, экономист айтып отырған Urals маркасы әлемдік нарықта ерекше қарқын алып, тіпті тамыздың басында Brent-тің ізін ала барреліне 45 долларға дейін саудаланған болатын. Тек соңғы бірнеше күнде Сауд Арабиясы еуропалық сатып алушылар үшін бағаны төмендеткен соң Urals-тың да құны құлдырап кетті.
CEX.IO Broker деректерді талдау бөлімінің басшысы Юрий Мазур отандық Forbes.kz сайтына берген сұхбатында ОПЕК+ келісімінің Қазақстанға оң және теріс әсерінің қалай болатынын талдайды.
«Егер өндірісті шектеу уақыты ұзара беретін болса бұл сөзсіз Қазақстан экономикасына да әсерін тигізеді. Мұнай газ секторы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 15 пайызын құрап, бюджетке 40 пайыз түсім беріп тұр. Ал мұнай өндірісін шектесек, қазынаға миллиардтаған теңге түспей қалады. Қазірдің өзінде ел экономикасы 5 пайызға төмендеп қалды деуге негіз бар. Бағаның төмендеуі, өндірістің қысқаруы бұл салаға ауыр тиеді. Өндірістің қысқаруы экспорттың қысқаруына да тікелей әсер етпек. 2019 жылы мұнай экспортынан 29,7 млрд доллар пайда келді. Бұл салық аударымдарының азаюына алып келеді және бюджет те біршама қысқарады. Ондай жағдайда үкіметтің не шығындарды азайтуына не пайызбен қарыз алуына тура келеді» дейді сарапшы.
ОПЕК+ келісімінің мақсаты – әлемдік нарықтағы сұраныс пен ұсынысты теңестіру. Сарапшының сөзінше, бұл теңесу шамамен 2021 жылдың ортасында болады. Сол кезде мұнай бағасы 100-115 долларға дейін жетуі мүмкін. «Сол уақытта Қазақстан мұнай өндіру және оны сатудан көп пайда табады. Менің білуімше, Қазақстан шикізатты тұтыну қалпына келген кезде өндіріс көлемін жылдам ұлғайту үшін қазір өндіріс ошақтары жұмысын тоқтатуды жоспарлап отырған жоқ» дейді Мазур.
Осыдан 4 ай бұрын Алжирдің энергетика министрі Мұхамед Акраб 2020 жылдың екінші жартысында мұнай бағасы барреліне 40 долларға көтеріледі деп болжаған. «ОПЕК+ келісімі арқасында мамыр-маусым айларында әлемдік мұнай бағасы 35 долларға көтеріледі. ОПЕК+ келісімінен бөлек Еуропа мен Қытайда және басқа елдерде қабылданып жатқан шаралар бағаның тұрақталуына әсерін тигізеді» деген болатын жергілікті арнаға берген сұхбатында.
Қазір алжирлік министрдің болжамы орындалып жатқанын аңғарамыз. 14 тамыздағы дерек бойынша Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 45,29 доллардан сатылған. Ал WTI мұнайы Нью-Йорк биржасында 42,57 доллардан саудаланған.