Инвестиция

Қай салада бәсеке жоғары?

Нақты сектор кәсіпорындары арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі шықты

Осы жылдың екінші тоқсанында құрылыстан өзге саладағы кәсіпорындардың арасында бәсеке артқаны байқалады. Бұған Ұлттық банктің экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындар арасында жүргізген сауалнамасының нәтижесі дәлел. 

Сауалнамаға өндіруші және өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және жүк тасымалу саласында қызмет ететін 2,5 мыңға жуық кәсіпорын қатысқан. 

Көптеген кәсіпорындардың пікірі бойынша, 2020 жылдың ІІ тоқсанында бизнесті жүргізуге басты кедергі  болған – Қазақстан экономикасының жағдайы. Қарастырылып отырған барлық салаларда осы факторды атаған кәсіпорындардың үлесі 36%-дан асқан.  Ал сауда-саттық саласындағы  компаниялар үшін ең маңызды шектеуші фактор  –  кәсіпорындар арасындағы  нарықтық бәсеке. Өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарға олардың өнімдеріне деген сұраныстың төмендеуі кедергі болып тұр. 

«II тоқсанда барлық қаралып отырған салаларда биылғы І тоқсанда бастау алған сұраныстың төмендеу үрдісі жалғасты, өңдеу өнеркәсібінде бұр көрсеткіш біршама аз. III тоқсанда сұраныс одан әрі төмендейді, десе де қарқыны біршама басылады деген болжам бар», – дейді ҚРҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймарданов. 

Айта кетейік,  биыл бірінші жартыжылдықта Қазақстанның ЖІӨ-сі 1,8%-ға төмендеген. Төтенше жағдай мен карантин шараларынан сауда-саттық саласы ең көп зардап шеккен. 

Сауалнама нәтижесінен жоғарыда аталған салалардың барлығында бәсекенің маңызы артқаны байқалады. Респонденттердің берген жауабы бойынша, бәсеке ең жоғары сала – сауда-саттық (39,6%), ал тау-кен өнеркәсібінде бәсеке өте (12,2%) төмен. Ал өзге салаларда 22-30 пайыз аралығында тербеледі. 

Сонымен қатар, алдағы 12 айда барлық салаларда қаржыландыру  бұрынғы деңгейде қала бермек. Қаржының негізгі көзі – кәсіпорындардың өз капиталы. 

Респонденттер шетелдік әріптестерімен есеп айырысуда пайдаланылатын негізгі валюта ретінде орыс  рублін атаған. 

Рубльді ең көп қолданатын өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары – 62,1%, сауда-саттықтың 56%-да рубль айналымда жүреді. Ал тау-кен өнеркәсібінде көбінесе АҚШ долларымен есептеседі– 61,7%.  

«Бұл ретте сауалнамаға қатысқан компаниялар теңге бағамы өзгерісінің АҚШ долларына және Ресей рубліне теріс ықпалының азайғанын атап өтті. Карантин шараларының енгізілуіне байланысты кәсіпорындар өндіріс көлемін 2020 жылғы ІІІ тоқсанда ғана қалпына келеді деп үміттенеді. Алдағы жылдары өндіріс көлемінің маусымдық өсімі  ІІ тоқсанда байқалды», – дейді Жандос Шаймарданов.