Алматылық жас кәсіпкер үй аламын деп жинаған қаржысына қалай бизнес ашқанын айтты
Коронавирус жағдайы бизнес саласын да бір сілкілеп алды. Енді нарықта шын мықтылар мен төзімділер ғана қалып, бәсекеге қабілетсіздер ойыннан шықпақ. Нарықты өніммен қамтимын деп жанталасқан жас кәсіпкердің бірі – Ербол Нотай. Ол Алматы облысы, Қарасай ауданы, Тұрар ауылынан жылыжай ашып, жұмысын жүргізуде. Жас кәсіпкер қалай бизнес ашқанын, карантиннің қандай әсері болғанын, жылыжай ашу үшін қанша қаржы болу керек екенін айтып, Kursiv тілшісіне алдағы жоспарымен бөлісті.
– Ербол, жылыжай бизнесінің басты ерекшелігі неде? Әу баста кәсіпке кірісер кезде бизнестің дәл осы түрін таңдауға не себеп болды?
– Жылыжайдың басты артықшылығы – ертерек егесіз, температура жеткілікті болса қыста да еге аласыз. Бірінші пайдасы – өнімнің қыс айларында бағасы қымбат болады. Бәсекелестер азайған кезде өнім базарға шығып, жақсы бағаға сатылады. Екінші жағынан жылыжай ішінде басқару да қолайлы. Суару тамшылатып суғару жүйесі арқылы атқарылады, арнайы желдеткішпен ауасын да ауыстырып тұрамыз. Мұнда аз жерден көп өнім алуға болады. Қазір біздің жылыжайдың аумағы 300 шаршы метр. Оған 2100-2200 түп қияр ектік. Бір түп кем дегенде 4 келідей қияр береді деп ойлап отырмыз. Егер бәрі сәтті шықса, бір түптен 7-8 келі өнімге дейін беретін кезі бар. Біз үшін 4 келі шықса да тәуір нәтиже болар еді. Сонда нәтижесінде 8 тонна өнім алар едік. Қиярдан бөлек саңырауқұлақ егумен де айналысамыз. Оның бабы тіпті күшті. Қыркүйек айында қиярды жинап біткен соң, саңырауқұлаққа кірісеміз. Ол 15 градустан төмен, суық температурада өседі. Еккеннен бастап барлық кезеңін есептегенде 40-45 күнде пісіп, дайын болады. Ал неліктен жылыжай бизнесін таңдадың дегенге келсек, базарда қияр, қызанақ, басқа да көкөніс, жемістер жазда соншалықты арзан, ал қыста керісінше қатты қымбат болады. Дәл қазір қиярдың келісі 150 теңге шамасында, ал қыс айларында ол 1000 теңгеге дейін өседі. Соны көріп сапалы қияр өсірейін, ол өзімізге де, елге де пайда болсын деген ой келді. Негізі оқу бітіре салысымен Алматыдан үй алайын деп Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне біраз қаржы жиып жүрген едім. Тәуекел етіп сол қаржының бәрін бизнеске салып жібердім. Әуелі Алматы облысы Тұрар елдімекенінен жер алдық. Жылыжай ісіне кірістік. Қазір жерді кеңейту, тағы да бірнеше өнім өндіруді жоспарлап отырмын.
– Егетін тұқымдарды қайдан алып жатырсыздар?
– Бұл жерде біздің алдымызда үш түрлі таңдау тұрады. Қытайдан, Голландиядан немесе өзіміздің Шымкенттен алу. Шетелдік тұқымдарды да егіп, байқап көрдік. Осы жолы шымкенттік тұқымдарды пайдаланып жатырмыз. Сапасына риза болдық. Соған сай бағасы да қатты арзан емес. Есесіне өнімді жақсы береді. Былтыр қыстың соңы, биыл көктемнің басында саңырауқұлақты өсіріп, ішкі нарыққа шығардық. Өзін-өзі жақсы ақтады, тәп-тәуір табыс та әкелді. Наурыз айында карантин басталардан бұрын барлық дерлік саңырауқұлақты сатып бітірген едік. Соңында кішкене саңырауқұлақтар қалып кетті. Оған екі фактор әсер етті. Бірі – дер уақытында жұмысшы әкеле алмай қалдық. Екіншісі – базарға кіріп-шығудың өзі қолайсыз болып кетті.
– Мұнда жұмыс режимі қалай жүргізіледі? Еңбекке қосымша жұмысшылар тартыла ма?
– Жұмысшыларды анда-санда, уақытша негізде ғана әкеліп отырамыз. Жерді аудару, көң себу, дайындау, егу кезінде жұмысшылар қажеттігі туындайды. Бір жағынан бәрін техника өзі атқарып тұр. Енді тек өнімді жинайтын кезде бір мәрте жұмысшылар алып келеміз. Дәл қазір шаруашылыққа өзім бас-көз боламын. Жылыжай екі күнде бір суғарылады. Су толтырылған бөшкені бір күнде екі рет толтырамыз. Бір бөшке су шамамен 20-25 минутта ағып бітеді. Сөйтіп, екінші мәрте толтырып қоямыз. Қазір күн түсіп тұр. Ертең күн суытқан кезде өзінің арнайы целлофандарын жауып, температурасын көтереміз.
– Жылыжай бизнесін бастау үшін қолда қанша қаражат болуы керек?
– Жылыжайлардың көлемі мен күрделі болуына байланысты бағасы да әртүрлі. Мына жылыжайды жасау үшін алдымен жерді 1,5 – 2 метрдей қазған, үстін жапқан, біраз жұмыс атқарылған. Аумағы да біршама көлемді. Сондықтан мұндай жылыжай жасап шығу үшін шамамен 2,5 – 3 миллион теңге көлемінде қаржы керек болады. Ал егер тек целлофанмен ғана істесе, онда темір және оны дәнекерлейтін маман ғана қажет болады. Оның бағасы біраз арзан. Алайда ондай жылыжайды қыс маусымында пайдалана алмайсыз. Біздің жылыжайда егісті ақпан айында бастап кете аламыз. Жылыжайға қаншалықты жылу қажет болған сайын бағасы да қымбаттай түседі. Әзірге біз тұрған елдімекеннің дәл осы жеріне дейін көгілдір отын жетпеген. Сондықтан қыс айларында көмір жағып, жылытамыз. Бұл салада бәсекелестік те жақсы дамып келе жатыр. Бұрын базарға барғанымызда 2-3 ғана өзіміздің өнімді көруші едік, қазір сөредегі 15 шақты өнім отандық жылыжайда өндірілген өнімдер. Біз де сол бәсекелестікке бейімделуге барынша тырысып жатырмыз.
– Біздің жылыжайда өсіп шыққан қияр мен шетелдік қиярлар арасында айырмашылық бола ма? Сапасында, дәмінде дегендей?
– Біздің қиярлар сапасы жағынан шетелдік өнімдерден кем түспейді. Білетін айырмашылығым – өнім алуда. Мысалы, біз бір түптен 4-5 келі алсақ, олар 6-7 келі алуы мүмкін. Олар сол жағынан алда тұратын шығар.
– 17 тамызда карантин аяқталды. Бірақ алда коронавирустің жаңа толқыны келеді деген қауіп бар. Соған дайындық, жоспар жасай алдыңыз ба?
– Басқалар түрлі жоспар құрған шығар, менде ондай қауіп-қатер жоспары әзірге жоқ. Қияр піскен соң ұзақ уақыт сақталмайды. Қоймада 3-4 күннен артық жатпайды. Босап кетеді. Сондықтан тек бір нұсқа – қиярды банкілерге жабу ғана. Яғни, тұздалған қияр қылып. Тым құрығанда тең жартысын солай сақтап қалғымыз келеді. Әрине, бұл тығырықтан шығу үшін ғана. Ал егер бәрі сәтті, жаймашуақ болып жатса, кәдуілгі қияр күйінде сатылымға шығарып, табыс тапқымыз келеді.