Карантинде қалай 700 мың теңге табуға болады?
Карантин кезінде көпшілік кәсібінің тоқтағанына қынжылған. Әйтсе де, бизнесі жанданған салалар да бар. Соның бірі — жеткізу қызметі. Төтенше жағдай жарияланған соң сыртқа шығудан қалған жұрт бәрін онлайн тапсырыс беруге көшті. Нәтижесінде бизнес иелері трансформация жасап, заманға сай әрекет етуді аз уақыттың ішінде үйреніп алды. Бұл барлық жағынан тиімді: клиент уақытын шығындамайды, бизнесмен кәсібін дөңгелетеді, қызметкердің табысы өседі.
Соңғы екі жылда тамақ жеткізу қызметінің әлемдік нарықтағы көлемі 17,54 пайызға артқан. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 107,5 млрд долларды құраған. Әлемдік нарықтың басым бөлігі — Қытайдың еншісінде (45 млрд доллар). Одан кейінгі орындарда АҚШ (24 млрд доллар), Үндістан (9,2 млрд доллар), Ұлыбритания (5,4 млрд доллар) және Бразилия (3 млрд доллар) тұр. Аталған сервистің негізгі тұтынушыларының басым бөлігі — 25-34 жас аралығындағы азаматтар. Дүние жүзі бойынша ТОП-10 тамақ жеткізу қызметіне келсек, олар: Uber Eats, Grubhub, Just Eat, Deliveroo, Meituan Waimai, Olo, Snapfinger, Door Dash, PostMates, Delivery.com.
Қазақстандағы ахуалға келсек, жалпы нарық көлемі — 24 млрд теңге. Дамыған АҚШ не Ұлыбритания сынды елдердің өзінде пенетрация көрсеткіші (өмірінде бір рет болсын жеткізу қызметін тұтынып көргендердің жалпы халық санына қатынасы — авт.) 50 пайызға жетпеген. Біздегісі — бар-жоғы 6,7 пайыз. Дегенмен пандемия бұл шаманы бірнеше есе өсіретіні сөзсіз. Өйткені карантинсіз, «тыныш кездің» өзінде, 2018 жылы 3 пайыз болса, бір жыл ішінде екі есе өскен. Ал төтенше жағдай кезінде жеткізу қызметінің «гүлдене түскені» аян.
Былтырдан бастап бұл саладағы монополия «құлай бастады». Өйткені нарыққа бірден бірнеше шетелдік ойыншы қосылды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, тамақ жеткізу қызметінің үздіктері былай көрініс тапты: Chocofood (20,1 %), Samurai sushi (17,7 %), Glovo (17 %), Кеңсеге түскі ас жеткізу (14 %), Яндекс Еда (9,7 %), Wolt (4,7 %), Чибо Сано (3,9 %), instagram (1,9 %), Manga sushi (1,8 %), E menu (1,5 %), ДоДо пицца (1,4 %), Ciao pizza (1,3 %), Gippo (1 %), басқалары (4,1 %).
Осы орайда Wolt жеткізу компаниясының курьері Талғат Әмірешовпен тілдескен едік. Талғат Алматы қаласында дүниеге келген, жасы 31-де. Курьерлікке дейінгі қызметі — еліміздегі банктердің бірінде директорлар кеңесі төрағасының көмекшісі. Мұндай жақсы қызметтен кетуіне банктің жабылуы себеп болыпты. Артынша спортпен шұғылданып, жаттығуға кіріседі. Өз денсаулығына да жақсы, әрі ересектер мен балаларды жаттықтырушы болып жұмысқа орналасады. Дегенмен аяқ-асты төтенше жағдай жарияланып, фитнес зал жабылады.
«Коронавирус жұқтырып, ауру елге тарала бастағанда жұмысымыз тоқтады. Сөйтіп інім енді немен айналысуды жоспарлап жүргенімді сұрады. Шыны керек, ойымда ештеңе болмады. Өйткені оған дейін бар күшімді жұмысқа салып, жаттығып, жаттықтырумен күндерім өтіп жатқан. Осылайша туған бауырым курьер болып істеп көруді ұсынды. Қосымша арқылы өтініш тастайсыз, қарастырған соң жұмысқа кірісесіз. Жұмысқа орналасқан алғашқы күндерден кейін-ақ жақсы табыс табуға болатынын түсіндім».
Карантин кезінде курьерлердің табысы еселеп артты. Талғаттың айтуынша, бұл жұмыс өте қолайлы. «Бір жақсысы, бұл жерде тікелей басшы деген жоқ. Бәрін өзің білесің, өзің шешесің. Әрине, төтенше жағдай жарияланғанда тапсырыс өте көп болды. Өз басым карантин басталғаннан аяқталғанша бір күн де жұмыссыз жүрмедім. Сәйкесінше, тапқан табысым көп болды. Бірақ, есесіне отбасыммен азырақ уақыт өткізуге тура келді».
Егер күнара жұмыс істейтін болсаңыз, айына 150-250 мың теңге шамасында табуға болады. Ал таң атқаннан күн батқанша, күн құрғатпай жұмысқа шықсаңыз, тіпті 500-700 мың теңге таба аласыз. Бұл ретте шығынды да есепке алу керек. Қатты қарқынмен бір ай жұмыс істесеңіз, бензиннің өзіне 100 мың теңге кетеді. Одан қала берді, тамаққа кететін шығын бар.
«Өз басым курьерлік қызметті уақытша табыс көзі көремін. Өйткені бәрібір жаңа мақсат, жаңа арман пайда болады. Қор жинап алуға жақсы мүмкіндік десем де болады. Яғни мақсатыңа жетуге ақша жинап алып, кейін соны іске асыруға кірісуге трамплин қылуға болады. Басқа компанияларда курьер боп істейтіндермен сөйлесіп қаламыз. Кейбірі тіпті он жылдан бері осы салада жүр екен. Меніңше, жеткізу қызметін тұрақты жұмыс қылуға келмейді. Менің де жоспарларым бар»,- дейді курьер.
Кейіпкеріміздің күні тапсырыс қабылдаудан басталады. Ерте тұрған курьердің ырысы артық. Тапсырыс қабылдаған соң, мейрамханадан тамақты алып, барынша ертерек жеткізуге тырысады. Бір күнде 27 үйге жеткізсе, бұл жақсы көрсеткіш саналады. Онлайн тапсырысқа басында адамдар үйренісе алмай, мекенжайды қате жазып жіберетін кездер көп болған.
«Жұмыс барысында түрлі қызық болып тұрады. Кейде үйін дұрыс көрсетпейді, кейде телефон нөмірі өшірулі болады. Ондайда ашуланбай, өзімізді сабырлы ұстауға тырысамыз. Бірақ халық біртіндеп үйренеді деп ойлаймын».
Айтқандай, карантиннің кесірінен кей кәсіп иелері зардап шегіп жатса, енді бірі бизнесін гүлдендіріп жатыр. Электронды бизнестің айналымы жыл соңында 40-50 пайызға өсуі әбден мүмкін. Мұндай болжамды Қазақстанның интернет-бизнес қауымдастығы басшысы Константин Горожанкин айтып отыр.
«Доллар курсы өскенімен, адамдар бәрібір сатып алуды тоқтатып жатқан жоқ. Соның ішінде электронды бизнестің клиенті көбейді. Барлық жер ашылған соң пандемияға байланысты құлдырап жатқан салалар қайта жанданады деп үміттенемін»,– дейді Горожанкин.