Жалған ақша жасағандар сотталды
Алматы қаласының екі тұрғыны жасырын цех ұйымдастырып, жалған ақша жасап келген. Олар ноутбук, түрлі-түсті принтер, сутаңбасы бар арнайы қағаз, бояу флакондары арқылы он мың теңгелік банкнота бастырып отырған. Жалған ақша жасағаны үшін біреуі бес жыл арқаласа, екіншісі 3,6 жылға сотталды.
«ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында номиналы 10 000 теңге болатын жалған банкноталарды дайындау және өткізумен айналысқан екі адамға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады», – делінген Қаржы мониторинг комитеті таратқан хабарламада.
Тексеру барысында бір топ тұлғаның алдын-ала келісім бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жалған банкноталарын дайындайтын астыртын цехты ұйымдастырғаны анықталады.
«Жалған ақша қаражатын дайындайтын цех ретінде жабдықталған пәтерді тінту барысында ноутбук, түрлі-түсті принтер, сутаңбасы бар арнайы қағаз, бояу флакондары, екі жағында 10000 теңгелік суреттері (бланкілері) бар сандық файлдар, банкнот пен ою-өрнектің орнын алмастыратын фольгадан жасалған ленталар, кеңсе тауарлары және сомасы 220 000 теңгені құрайтын жалған қағаз ақша тәркіленіп алынды».
Сот үкімімен айыпталушылар ҚР Қылмыстық кодексі 231 бабының 2-б. сәйкес (жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу) кінәлі деп танылып, астыртын цех ұйымдастырушылардың біріншісіне 5 жыл, екіншісіне 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.