Жасырын алкоголь сатқан дүкен анықталды
СҚО полицейлері аудан орталығындағы дүкендердің бірінен жасырын алкоголь сатылғанын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
28 тамыз күні Мамлют ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері азық-түлік дүкеніндегі рейдтік іс-шара кезінде, сатып алушылардың бірі басқа тауарлармен бірге сыра сатып алып жатқанын байқайды. Учаскелік инспектор дүкеннің алкоголь өнімін сатуға лицензиясы жоқ екенін білген, ал сөреде алкоголь өнімі болған жоқ. Алайда жасырын сатылып келген, сөренің астынан тәртіп сақшылары материал жинау кезінде 7,5 литр арақ, 6,75 литр шарап және 18 литр сыра тәркілеген. Дүкен иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы (Тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру) бойынша хаттама толтырылды.
«Учаскелік полиция инспекторларының қызмет көрсетілетін аймақтағы жағдайды жақсы білуі заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етудің негіздерінің бірі болып табылады. Жалпы, Департамент басшылығымен алкоголь өнімін заңсыз сатумен күреске көп көңіл бөлінеді, жер-жерлерде жеке құрам алкогольге қарсы заңнаманы қатаң сақтауға бағытталған. Айта кетсек, дәл осы күні аудандағы ауылдардың бірінде жеке үйде арақ сату фактісі анықталды», – деді Мамлют ауданы полиция бөлімінің бастығы Серік Әлжанов.
Алкоголь лицензияланбаған, сондықтан оны пайдалану қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бермейді. Лицензияланбаған алкогольді заңсыз сатумен айналысқан жергілікті тұрғын алкогольді заңсыз сатқаны үшін жауапқа тартылып, оның үйінен 10 литр этил спирті тәркіленді.
Алкогольдік ішімдіктердің заңсыз сатылуына қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс облыс полицейлерімен тұрақты түрде жүргізеді. Барлығы жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК 463-бабы бойынша 128 хаттама толтырылды.