2021 жылға қарай 700 мыңға жуық қазақстандық өз жинағының бір бөлігін баспана алу мен ем-домға жұмсай алады. Мемлекет басшысы бүгінгі жолдауында Үкімет пен Ұлттық банкке осы реформаны қамтамасыз етін құжат дайындауды тапсырды.
«Менің тапсырмам бойынша халықтың өз зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі пысықталды. Бұл қазір өзекті болып тұр. 2021 жылы бірыңғай зейнеқаты жинақтық қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін баспана алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына пайдалана алады. Үкіметке Ұлттық банкпен бірге жыл соңына дейін барлық қажетті құқықтық-нормативтік актілерді қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын»,- деді Тоқаев.
Тоқаевтың айтуынша, жалға берілетін тұрғын үйді 100 мыңнан астам кезекте тұрған отбасылар ала алады.
Жыл басынан «5-10-25» бағдарламасы іске қосылған оған 390 млрд теңге бөлінген. Осы бағдарлама бойынша әкімдікте кезекте тұрған, кедейлік шегінен жоғары, табысы әр отбасы мүшесіне шаққанша екі ең төменгі жалақыдан (85 мың теңге) аспайтындар үміттене алады.