Қазақстандықтар балықты аз жейді екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам жылына 16 келі балық жеуі керек дейді. Көршілес Ресей нормадан асып, 20 келі жесе, Қытай тіпті балық жеуден алдына жан салмайды екен, жылдық мөлшері — 40 келі. Қазақстандықтар орта есеппен 12 келідей жейді дейді статистикалық мәліметтер. Адам денсаулығына балықтың пайдасы бесенеден белгілі. Бұдан бөлек, экономиканы оңалтып, қарыштап дамытуға да оң әсерін тигізе алады.
Қазақстанның балықшы болуға мол мүмкіндігі бар. Тек балық аулайтын емес, өсіретін балықшы болуға тырысу керек. Жыл басталғанда Премьер-министр Асқар Мамин балық шаруашылығына не бөгет болып тұрғанын тізіп шыққан. Яғни жоғарыда айтқандай, балық аулаудан өсіруге ауысу қажетін, еліміздің заңнамасындағы бірқатар кедергі мен мемлекет тарапынан қолдаудың аз боп тұрғаны айтылған.
Әлеуетіміз жете ме?
Бірінші мәселе, яғни балық өсіруге келсек, соңғы кездері акваөсіру мәдениеті әлем бойынша дамып келеді. Көш басында — Қытай. Дүние жүзінде тұтынушының алдына баратын балық асының жартысы — қолдан өсірілген. Осы трендтен тыс қалмаудың қамын Қазақстан да жасауға тырысып жатыр. KazOrganicProduct — Қазақстандағы тұңғыш толық циклді ограникалық балық аулау кешені. Балық қожалығымен хабарласып, акваөсірудің еліміздегі қарқыны қандай деген сұраққа жауап алдық. Компания өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда балық өсіруді дамытудың мол мүмкіндігі бар.
«Қазіргі таңда мемлекет тарапынан да қызығушылық өсіп отыр. Бұл — өте қуантатын жағдай. Сондықтан одан оң нәтиже міндетті түрде болады деп ойлаймыз. Балық өсіруді дамытуға арналған локация елімізде жетіп артылады. Климаты жағынан сәйкес келетіндер де көп. Жалпыәлемдік тәжірибеге сүйенсек, бұл сала үлкен қарқынмен өсіп жатыр. Яғни нақты тенденция түрінде айтқанда. Бұл жерде екі негізгі тренд барын атап өту керек: біріншісі, ресурстарды жаңарту және толықтыру. Яғни қазір бар су қоймалары мен тоған шаруашылықтарына балық жіберіп, ауланған балықтың қорын қайта толтырып отыруға болады. Осылай етсек, бұл инвестиция болашақта өзін ақтайды, жағымды эффект береді. Екіншісі — қазіргі сұранысқа сай болу үшін балық өсіруді жедел көбейту. Бұл жерде акваөсірудің маңызды екенін байқаймыз. Себебі балықтың әлемдік қоры егер дәстүрлі әдіспен ауланса аса жылдам жүзеге аса алмайды. Одан бөлек, ғаламдағы экологиялық ахуалға да біраз нәрсе байланысты. Сондықтан мемлекет бұл саладағы перспективалы сегмент ретінде шабақ шаруашылығы мен акваөсіруге баса мән беруі тиіс деп санаймыз».
Мемлекет қолдауға әзір ме?
«Казахрыбхоз» қауымдастығы басқармасының төраға орын¬басары Серік Темірханов балық шаруашылығын жолға қою үшін қажет шаралардың біріншісі — мемлекеттің қолдауы деген пікірде.
«Әлбетте, алдыңғы кезекте мемлекет тарапынан қолдау мол болуы тиіс. Ол субсидия түріндегі қолдау ғана емес, ақпараттық-насихаттық жағынан да қажет. Негізі Қазақстанның әлеуеті жетеді. Қытай секілді алдыңғы шепке әлі алыс десек те, көршілес елдермен салыстырмалы түрде бәсекелесуге болады. Одан бөлек, осы күнге дейін талай жерде айтылып жүргені — заңнамадағы қайшылықтар. Сонымен бірге халықтың түсінігін, көзқарасын өзгерту де өзекті мәселе дер едім»,– дейді Темірханов.
«Қазақстанның балық өсіруді дамытуға әлеуеті жоғары. Соңғы жеті жылда өсірілген балық көлемі 9 есе, яғни 800 тоннадан 7,4 мың тоннаға дейін өсті. Елімізде осы іспен 180 балық өсіру шаруашылығы айналысады. Бірақ олардың саны жеткіліксіз. Жасанды балық өсіретін шаруашылықтар бұдан да көп болуы керек. Ол үшін бүгінгі таңда су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге қайта жасақтап, қолданыстағы заңнаманы жетілдіріп, мемлекеттік қолдау шаралары күшейтіліп жатыр. Аталған шараларды негізге ала отырып, облыстарда өңірлік ба¬лық шаруашылығын дамыту бағ¬¬дар¬ламары әзірленетін болады», – дейді Балық ресурстарының өсімін молайту және акваөсіру басқармасының басшысы Мирас Ғаббасов.
FAO мәліметтеріне сүйенсек, 1991 жылы әлемдегі акваөсіру үлесі 20 пайызға әзер жеткен. Ал 2016 жылы 46,8 пайыз болыпты. Ішкі су қоймалары мен теңізге «есігі» бола тұра Қытай бұдан бас тартпай, қайта көш бастады. 2030 жылға қарай, акваөсірудің үлесі тіпті 54,4 пайыз болады деген болжам бар. Ендеше, іске кірісетін сәт туған сыңайлы.
Аквасөсірудің қандай зияны бар?
Біздегі су ресурстарын есепке алсақ, жылына 600 мың тонна балық өсіріп, экспорт көлемін он есе көбейтуге мүмкіндік бар. Одан 500 млрд теңге инвестиция тартылса, соның 28 млрд теңгесі бюджетке салық түрінде түседі. Ол аз болса, кем дегенде 100 мың¬ға жуық қосымша жұмыс орны ашылып, ауылдық жерде тұратын халықтың табысы артуына мол мүм¬кіндік туып отыр. Бұл – сала ми¬нистрлігінің болжамы.
Балықты неғұрлым қолдан көп өсірсе, соғұрлым аулауға қажеттілік азаяды. Десек те, акваөсірудің зияны да барын ескеру керек. Бұл дегеніміз балықтарға арналған фабрика іспеттес. Тауық фабрикасындағы тауық пен ауылдағы үй құсының етінде айырмашылық болатынындай, мұнда да дәмі мен денсаулыққа пайдасы әр түрлі болады. Мысалы патша асшаяны бүгінде аса танымал. Бірақ олар Вьетнам мен Қытайда жасанды стимулятор мен антибиотиктермен өсірілген. Балықты қолдан өсіргенде жеміне түрлі бояғыштар, антибиотиктер қосып, тез өсіруге, әдемі түр беруге тырысады.
Дегенмен акваөсірудің пайдасы көбірек. Әсіресе, жабайы популяцияларға браконьерлікті азайтады, спорттық балық аулаудың дамуына жол ашады. Бастысы, бағаға келгенде әділдік болса болғаны. Мәселен Америка мен Батыс Еуропада жабайы ақсеркенің бағасы, сапасы одан кем түспесе де, қолдан өсіргенінен қымбат тұрады. Дәмінен бұрын, табиғатпен етене жақын болудың құндылығы жатыр мұнда. Қалай десек те, балық өсірудің берекелі іс екенін әлемдік тәжірибе дәлелдеді. Халықтың денсаулығын жақсартатын, жұмыспен қамтып, ел қазынасына қаржы құятын кәсіптің дамығаны керек-ақ.