Банктер неге бизнеске несие беруге құлықсыз? Экономист қаржы нарығындағы қиындық себебін түсіндірді
Белгілі экономист, GSB UIB директоры Мақсат Халықпен Kursiv тілшісі сұхбат құрып, қазіргі экономика, қаржы нарығындағы ахуал жайлы пікір алмасты.
– Президент жолдауда мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордағы қызметкерлерді қысқарту жайлы айтты. Процесс қалай жүруі керек және мұның бюджетке, елге тигізер пайдасы қандай болмақ?
– Шынын айтқанда, квазимемлекеттік сектор ел дамуының үлкен бір тежегіш күшіне айналды. Соңғы жылдары тіпті күшейіп кетті. Сыртқы қарызы өз алдына, еңбек өнімділігі де тым төмен. Негізі экономикада кез-келген шаруашылық жұмыс субъектісінің еңбек өнімділігіне қатты мән беріледі. Осы жағынан алғанда квазимемлекеттік сектор және соның қарамағындағы көптеген еншілес компаниялар отандық бизнестің дамуына тосқауыл жасап отыр. Мемлекет тарапынан құйылып отырған ақшасы, субсидиясы болғандықтан кез-келген бизнестің жолын кесе алады, сөйтіп монополиялық сипат алып бара жатыр. Кеше президент бәсекеге қабілеттілік агенттігін құрамын дейді ғой. Сол агенттік нарықтағы монополиялық сипат алған көрініспен күреседі және ішкі нарықта еліміздің бәсекеге қабілеттілігін дамытуға күш салады деп үміттенеміз.
– Негізі сол сектор компаниялары әу баста елді дамыту үшін деп құрылып еді ғой…
– «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры Малайзия ұстанымында құрылды. Ол елде де компанияларды біріктіретін осындай ұлттық корпорация бар. Алайда Малайзия корпорациясы шағын және орта компанияларды біріктірсе, біздікі ірі компанияларды, оның ішінде монополистерді біріктіреді. Бұл нарықта мемлекет үлесінің артып кеткенін көрсетті. Нарықтық экономика болған соң, экономикадағы мемлекеттің үлесі 30 пайыздан аспау керек. Дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш 20 пайызға да жетпейді. Қалған бөлігі жеке секторға тиесілі болуы керек еді. Негізінде әрбір бизнесмен мейлінше аз шығындануға тырысады. Мейлінші кірісті көбейтуге тырысады. Ал мемлекет тарапынан құрылған ұйымдар мемлекет қаржысын талан-таражға ұшырататын мекемеге айналып отыр. Былтырғы дерекпен айтар болсақ, мемлекеттің экономикадағы үлесі 56 пайыз деп айтылады. Қалғаны – жеке сектордыкі. Бейресми мәліметтер нарықтың 70 пайызы мемлекеттің меншігіне айналып кеткенін айтады. Бұл – сұмдық. Мұндай кезде ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілік жайлы айтудың өзі күлкілі. Түптеп келгенде бұл халықтың тіршілігіне кері әсерін тигізеді. Төлем қабілетіне, тұрмыс-тіршілігіне, өмір сүру сапасына. Ал енді жоғарыдағы агенттіктің президентке тікелей бағынады дегені де үміт сыйлайды. Өйткені қандай да бір министрлік құрамында болса мұндай өткір сипат ала алмас еді.
– Мемлекеттік аппараттағы шенеуніктер санын қысқарту тиімді өзгеріс әкеле ме?
– Дамыған елдерде шенеуніктер саны аз. Сол аз адаммен үлкен дәрежедегі жұмыстар істеп отыр. Біздің мемлекет те соны түсіне бастаған сияқты. Сонымен қатар «ҚазАгро» және «Бәйтерек» холдингтерін біріктіру жайлы айтты. Бұл жердегі басты міндет – «ҚазАгроның» нәтижесіз жұмысынан құтылу болып тұр.
– Одан кейін президент зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалану туралы айтып еді. Ақшасын жарата алатын 700 мың адам кімдер? Жалпы, бұл қаншалықты тиімді ұсыныс?
– Жыл басындағы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көрсеткен деректегі талаптар аспандағы цифрлардан құралған еді. Мысалы, 30 жастағы азамат зейнетақы қорынан 1 миллион теңге алайын десе, кемі 6-7 миллион теңге жинаған болуы керек. Сонда 22 жасыңызда жұмысқа араластыңыз дегеннің өзінде 8 жылда 8 миллионға жуық ақша аударымы керек. Ал мұндай қаражатқа жету үшін айлық жалақы 900 мың теңгедей болуы керек. 900 мың теңге алатындай қарапайым азамат не депутат, не әкім емес. Кәсіби маман болып, 30 жасында қорға 8 миллионға жуық қаржы жинайтын адам өте сирек. Халықтың көбінің табысы аз. Сондықтан шекті мөлшерді түсіру керек деген мәселені біз, яғни, экономистер талай мәрте көтерген болатынбыз. Енді президент 700 мың адам дегенді айтты. Соған қарағанда шекті мөлшер біршама түскен сияқты.
– Жолдаудан кейін шағын және орта бизнестің жай-күйі қалай өзгеруі мүмкін?
– Шағын және орта бизнес өкілдерінің пайыздарын 6 пайызға дейін мемлекет субсидиялап береміз деп отыр. Бұл біраз дәрежеде көмек. Тағы бір айта кетерлік нәрсе – Ұлттық банк жанынан ақша-несие саясатын реттейтін комитет құрылады деді. Екінші деңгейлі банктер жылдар бойы тұтынушылық несиені қаржыландырып келді де, бизнес тасада қалып қойды. Комитет осы мәселені шешпек. Ұлттық банктің былтырдың өзінде базалық пайыздық мөлшерлемені біраз төмен түсіруге мүмкіндігі болды. Инфляция 5,4 пайыз болып тұрған кезде базалық пайыздық мөлшерлемені 6-7 пайызға дейін түсіруге болар еді. Бірақ олай істемеді. Мұның себебін олар – арты инфляцияға ұшырауы мүмкін, несие пайыздары түсіп кетсе азаматтар жаппай несие алады, сұранысты арттырып, соның салдарынан сұраныс инфляциясы пайда болуы мүмкін деп түсіндірді. Алайда сұраныстың туындағаны, бизнеске арзан пайызбен несие берілуі қайта жақсы емес пе? Базалық мөлшерлеме 6,5 пайызға дейін түсетін болса, онда несие пайызы да төмендейді. Өз кезегінде бұл ипотекалық несиелерге, оның ішінде «Баспана хит» жобасына да жақсы әсер етуші еді. Қазір базалық пайыз – 9, ал олар 11 пайызбен беріп жатыр. Егер базалық пайыз 6,5-ға түссе, онда олар 8 пайызбен беруші еді. Бұл азаматтар үшін жақсы мүмкіндік. Сондай-ақ ол кезде арнайы бағдарламамен бизнеске ақша бөлеміз деп шығындалу екінші орынға түседі. Банктер өз ақшаларын 8 пайызбен бизнесті қаржыландыруға бере бастайды. Олар мемлекеттің ақшасын алып отырмын, бұл – жауапкершілік; бизнесменге кепілдікке қоятын затың жоқ, табысың төмен демей, өзінің жеке қызығушылығын бірінші орынға шығарады. Яғни, кәсіпкерді қаржыландырудың тетіктерін ойлап тапсам, одан біраз табыс көрер едім деп жұмыс жүргізеді.
Ал қазір базалық пайыздың жоғары болуына байланысты екінші деңгейлі банктер көп қаражатын экономиканы несиелендіруге емес, Ұлттық банктің РЕПО деген операциясына ақша беріп, алып табыс көріп отыр. Олар осылай-ақ табыс көріп отырса онда басын тәуекелге тігіп бизнесті қаржыландырып не істейді? Сондықтан банктердің бизнесті қаржыландыруын ынталандыру аса қажет.