Қазақстан шектеу шараларын енгізу қағидалары мен карантин жарияланатын инфекциялық аурулардың тізімін бекітуді жоспарлап отыр. Бұл туралы sputniknews.kz сайты хабарлады.
Тиісті бұйрықтың жобасы НҚА порталында жарияланды.
Шектеу шараларын жүзеге асыру қағидалары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес әзірленді.
Құжатта инфекциялық аурулардың таралуын болдырмауға бағытталған және карантин кезінде кәсіпкерлік және өзге де қызметтің ерекше режимін көздейтін шаралар қамтылған.
Сонымен қатар, шектеу шараларын, оның ішінде карантин жариялауға әкеп соғатын инфекциялық аурулардың тізімі бекітіліп отыр.
Олар:
оба
тырысқақ
сары қызба
вирустық геморрагиялық қызбалар
ауыр жіті респираторлық синдром (АЖРС)
вирустың жаңа кіші типі тудырған адам тұмауы
вирустың жаңа кіші типі тудырған коронавирустық инфекция
«Инфекциялық және паразиттік аурулардың Қазақстан аумағына әкеліну немесе таралу қаупі төнген жағдайда, Қазақстанның бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстанның мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде немесе елдің бүкіл аумағында кәсіпкерлік және өзге де қызметтің, халықтың өмір сүруінің ерекше жағдайларымен шектеу шараларын, оның ішінде карантин енгізеді», – делінген бұйрық жобасында.