Жаңалықтар

Төтенше жағдайлар министрлігі құрылды. Ескі де жаңа ведомство тарихына шолу

Аталған сала бұған дейін ішкі істер министрлігіне қарасты болды

Президент Тоқаев жарлығымен елімізде төтенше жағдайлар министрлігі құрылды. Ақорда ақпаратына сенсек, ведомство құрылымында 25 мың қызметкер жұмыс істемек. 9 қыркүйек күні президент қабылдауында болған ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жаңа министрлікті құрылымдауға қатысты жұмыстар бір ай ішінде аяқталады деген. 

Министрлік неліктен қайта құрылып жатыр?

«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюдың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін және одан әрі дамуын қамтамасыз ету, өрттердің алдын алуды және сөндіруді ұйымдастыру саласындағы қызметі берілсін»,- делінген президенттің жарлығында.

Тәуелсіздік алғалы бері төтенше жағдайға жауапты мемлекеттік орган бірнеше рет құрылып, бірнеше рет мәртебесі ауысты. Алғаш рет бұл сала тізгінін 1990 – 1997 жылдары Николай Макиевский ұстаған. Ол кезде сала – «Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар комитеті» деп аталатын. Ал Макиевский төраға лауазымында жұмыс істеді. 

1997 – 2001 жылдар аралығында аталған комитетті Шалбай Құлмаханов басқарды. 

Бұдан соң сала мәртебесі «комитеттен» «агенттікке» ауысты. Агенттік басшылығы 2001 жылдан 2004 жылдың наурыз айына дейін Заманбек Нұрқаділовқа сеніп тапсырылды. 

2004 жылдың 13 наурызы мен 2004 жылдың 30 сәуіріне дейінгі қысқа мерзімде Нұрахмет Бижанов аталған агенттікті басқарды. 

Одан соң 2004 жылдың 30 қыркүйегі мен 2005 жылдың 11 тамызы аралығында Мұхамбет Көпеев Қазақстан тарихындағы алғашқы төтенше жағдайлар министрі атанды. 

2005 жылы сала басшылығына Шалбай Құлмаханов қайта оралды. 11 тамыздан 2007 жылдың қаңтарына дейін басқарды. 

Ал 2007 жылдың 11 қаңтары мен 1 қарашасы аралығында Виктор Храпунов елдегі төтенше жағдай мәселелеріне жауапты болды. 

2007 жылдың 13 қарашасында Владимир Божко министрлік басшылығына келді. Ол 2014 жылдың 6 тамызына дейін қызмет атқарды. Осыдан соң министрлік қысқартылып, оның өкілеттілігі ішкі істер министрлігіне берілді. 

Министрліктің қайта құрылуына байланысты, экс-министр Божко отандық БАҚ-қа пікір білдірген. Оның айтуынша, төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) өз алдына қайтадан отау тігуі бюджетке салмақ түсірмейді. Сондай-ақ ол ведомствоның 2014 жылы неліктен қысқартылғанына да түсінік берген. 

«Ол кезде бізде 22 министрлік бар еді. Мемлекеттік басқару ісін жеңілдету үшін олардың біршамасын қысқарту туралы шешім қабылдады. Бірақ ТЖМ-ны қысқарту туралы шешімнің тым асығыс қабылданғанын уақыт көрсетіп отыр. Сол кезде бұл туралы бәріне айттым. Бірақ жарлықтың аты – жарлық. Өмір бұл министрлік керек екенін көрсетті. Оңтүстікте жер сілкіну қаупі өте жоғары. Инфрақұрылымды дайындау керек. Мұздық көлдердің саны артып келе жатыр. Жұмыс жақсы жүріп жатыр. Сондықтан төтенше жағдайлар комитетінің жұмысына құрметпен қарау керек. Алайда жүйені жетілдіру, құру, өрт сөндірудің жаңа тәсілдерін қолдану керек екеніне көзіміз жетіп отыр. Сол себепті, министрліктің қайта құрылуы өте орынды. Қытай, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, АҚШ елдерінде мұндай министрліктер бар»,– дейді Божко.