Жаңалықтар

Заңсыз бекіре балығын аулаған екі ер адам ұсталды

Олардан 60 келі бекіре тұқымдас балық пен 40 келі сазан тәркіленді

Атырау полицейлері заңсыз жолмен бекіре балығын аулаған екі ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция департаментінің Балық қорына қылмыстық қол сұғушылықпен күрес бөлімінің қызметкерлері Жайық өзеніндегі рейдтік іс-шаралар барысында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп (рыбоохрана)  «Yamaha-40» аспалы қозғалтқышы бар Бударка қайығын тоқтатты.

Тексеру кезінде қайықтағы Дамба ауылының 36 жастағы екі тұрғынынан екі қапқа салынған жалпы салмағы 60 келіге жуық бекіре тұқымдас балықтары, сондай-ақ 40 келі сазан балығы, ау-тор жарақтар табылып, тәркіленді.

Қазіргі уақытта екі азамат уақытша ұстау орнында. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) бойынша жүргізілуде.