«Қазақстан ең кішкене аралдарға дейін қарыз». Сыртқы қарыз туралы қауесет қаншалықты шындыққа жанасады?

Жарияланды
Ұлттық экономика министрлігі сыртқы қарыз қаупін бағалаған

Қазақстанның сыртқы қарызы жайлы ара-тұра сөз болып қояды. Әсіресе, қоғамдық қарапайым ортада адамдар бұл тақырыпты «біз ең аяғы кішкентай мемлекеттер мен аралдарға дейін қарыз екенбіз» деп дабырайта айтуға құмар. Иә, үкіметтің экономикалық һәм әлеуметтік тұрғыда салғырттау, тиімсіз жұмыс атқарып отырғаны өтірік емес. Сірә, адамдардың қарыз туралы айтқанда қызбаланып кететіні осыдан болса керек. Мұны қазбаласақ ұшы-қиыры жоқ, таңды таңға соғатын тақырыптарға тап болатынымыз да рас. Сондықтан тек сыртқы қарыз жайлы ғана тапқан ақпар, әлеуетіміз жеткен зерттеумен ғана бөлісе отырайық. 

Әуелі үкіметті тыңдап алайық. Ұлттық экономика министрлігі мәліметіне сенетін болсақ, квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы 17 млрд долларға жеткен. Бұл – жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 9,3 пайызы. Ал мемлекеттің қарызы 12,3 млрд долларға жеткен. Бұл – ЖІӨ-нің 6,7 пайызы. Соған қарамастан бұл қорқынышты жағдай емес көрінеді. 

«Бюджет саясатына сәйкес мемлекеттік және квази мемлекеттік қарыз көлемі ЖІӨ-нің 60 пайызынан асып кетпеуі тиіс. Үкімет пен квазимемлекеттік сектор сыртқы қарызының көлемі Ұлттық қордағы валюталық активтер мөлшерінен артып кетпеуі керек. Соңғы үш жылда мемлекет пен квазимемлекеттік сектор қарызы 6,8 млрд доллар немесе 19 пайызға азайды. Биыл сәуірдің басында ішкі активтер көлемі сыртқы міндеттемелерден 47,5 млрд-қа асып түсті. Яғни, біз оларға емес, көп ел бізге қарыз болып қалды»,– дейді ұлттық экономика вице-министрі Әсет Ирғалиев. 

Бұл ретте жеке сектор мен компаниялардың қарызы 97 миллиард долларды құраған. Осы қарыздың көп бөлігі шетелдік компаниялардың қатысуымен жұмыс істеп жатқан үш ірі жоба – Қашаған, Теңізшевройл және Қарашығанаққа тиесілі екен. Бәрін қоса есептегенде жалпы қарыз көлемі 152,7 миллиард долларға тең. 

«Сыртқы қарыздың 80 пайыздан астамы жеке секторға тиесілі. Ол үшін мемлекет те, қарапайым азаматтар да жауап бермейді. Сыртқы міндеттемелерді үкімет пен Ұлттық банк ұдайы қадағалап отырады»,– дейді Ирғалиев. 

Ал белгілі қаржыгер Жалғасбек Ақболат жеке сектордағы қарызды мемлекеттің бас ауруы емес деп, бөліп тастау қисынға келмейді дейді. 

«Мемлекеттің, квазисектордың, жергілікті органдардың қарызы – 50 миллиард доллар. Соған сүйеніп «біздің қарызымыз 50 миллиард қана, уайымдауға негіз жоқ» деп айта алмаймын. Сондықтан бұл жерде таза мемлекеттік қарыз – 50 миллиард. Себебі, ішінде «басқа секторлар» дейтін пункт бар. Квазисектордағы холдингтер мен ұлттық компаниялар да сол «басқа секторға» кіреді. Ал ұлттық компания қарыздарын не себепті мемлекеттік қарызға енгізу керек? Өйткені, ұлттық компаниялардың жұмысы үшін мемлекет тікелей жауапкершілік алады. Ал мемлекет өзінің сыртқы қарыздарын кешіктіретін болса және өзін төлеуге қабілетсіз деп жариялайтын болса онда біздің саяси, экономикалық тұрғыда құқықтарымыз төменге сырғиды»,– дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, 50 миллиардтан бөлек қалған 102 миллиард доллар қарыз, бұл – тікелей инвестициялар. Әрине, бұл қарызды да мемлекет пен халық төлеу керек, төленбесе басымыз кетеді деген сөз емес. Алайда Жалғасбек Ақболат ол инвестициялардың да ел экономикасына тигізетін оң және теріс факторлары бар екенін жоққа шығармаймыз деді. 

«Инвестициялардың да ел экономикасына тигізетін оң және теріс факторлары бар екенін жоққа шығармаймыз. Оң жағы – жаңа жұмыс орындары ашылады, азаматтар жұмыспен қамтылады. Теріс жағы – оның бізге инфляция алып келу ықтималдығы. Инфляцияны алып келсе онда бұл жағдай ақша қаражатының көптеп шығарылуына алып келеді, тиісінше бұл фактор бизнеске аз да болса зиянын тигізеді»,– деді сарапшы. 

Сарапшының сөзінше, егер мемлекет қарызын өтей алмайтын жағдайға жетсе, онда халықаралық валюта қорынан көмек сұрауға болады. 

«Алайда олардың талаптары өте қатал. Егер оларға күніміз түсетін болса өз қаржы нарығымызға өзіміз билік жүргізе алмай қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан жағдайды оған жеткізбей шешкен абзал»,– дейді эксперт. 

Осыған дейін мәжіліс депутаты Азат Перуашев мемлекеттің сыртқы қарызының көбеюіне байланысты дабыл қаққан болатын. 

«Әрбір қазақстандық – еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін шетелге 9 мың доллар қарыз. Квазимемлекеттік сектордың шетелдік кредиторлардан алған қарызы тіпті мемлекеттің алған қарызынан көп. Бірақ сол қарыз үшін әрбіріміз жауаптымыз. Алайда мемлекет қаржысының елеулі бөлігі бюджеттен тыс, қоғамнан жасырын жұмсалады. Дәл сол жерде қате әрекеттер жасалып, коррупция белең алып жатыр. Сол себепті, бірінші кезектегі міндет – барлық мемлекеттік қаржы жағдайын парламент өз бақылауына алуы тиіс. Ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың табысы бюджетке түсуі керек еді. Егер тағы 5-10 жылдан соң тағы бір мемлекеттік компания құрылып, ол компания тағы да мемлекетке қарап аузын ашып отыратын болса онда ол мемлекетке жұмыс істемейді, өз қалтасының қамын ойлайды деген сөз. Ондай компанияларды құртып, жеке бизнес жүргізетін және заңды салық төлейтін мекемелер келуі керек»,– деген еді депутат.  

 

 
Сондай-ақ оқыңыз