Биыл Венесуэладағы баға өсімі 3000 пайыздан асып кеткен. Ұлттық ассамблея қаржы комитетінің ақпаратына сенер болсақ, елдегі инфляция деңгейі жыл басынан бері 1 079,67, ал тамыз айында 25,04 пайызды көрсеткен. Ал былтыр, яғни, 2019 жылы осы елдегі инфляция көлемі 9585,5 пайыз болған. Қайта бұл азайғаны…
Инфляцияның осыншама шарықтағанына қарап ондағы экономикалық ахуалдың тым мүшкіл екенін аңғарамыз. Инфляция – біздің де бас ауыртар проблемамыз. Әрине, Оңтүстік Америка мемлекетімен салыстыру қисынсыз, бірақ алаңдауға негіз де жоқ емес. Тағдыры мұнай саудасына түбегейлі байланған елдерді әркез алаңдатып, уайымдатып тұруға Венесуэла мысалы жеткілікті сияқты.
Жыл басында дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстанда 2020 жылы экономикалық өсім 3,7 пайызды көрсетеді деп болжаған. Алайда пандемия дүниежүзілік банктің болжамын да, біздің әлеуетімізді де бұзып-жарып өте шыққан сыңайлы.
«Жылдық көрсеткіш бойынша шілдеге қарай инфляция 7,1 пайызға жетті. Айта кету керек, пандемия басталған мезетте инфляциялық болжам 9-11 пайыз аралығында болған. Алайда тұтынушылық сұраныстың азаюына байланысты инфляция процесі баяулады. Қазақстандағы инфляция өсімінің басты драйвері – азық-түлік тауарларының қарқынды қымбаттауы. Бұл ретте азық-түліктік емес тауарлар мен сервистік бағалар бағаның жалпы деңгейіне соншалықты әсер етпейді. Бұған қарап түйетініміз жыл соңында инфляция мөлшері 8-8,5 пайыз аралығында болады»,– дейді экономист Олжас Төлеуов.
EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев инфляция өсімі экономикаға қауіп төндіріп тұр дейді.
«Тамыз айында инфляция – 7 пайыз, ал базалық мөлшерлеме – 9 пайыз. Аралығы – 2 пайыз. ҰБ жыл соңында инфляция деңгейі 8-ге жетеді деп отыр, олай болса реалды мөлшерлеме 1 пайызға дейін төмендейді. Мұндай көрсеткіш экономика үшін үлкен қауіп. Бұл ретте мемлекет қолға алып отырған жеңілдетілген (әсіресе, ипотекалық) бағдарламалар инфляцияның өсе түсуіне үлкен ықпал етіп отырған айтқан жөн. Әрине, мемлекеттік бағдарламалар бизнеске үлкен мүмкіндік беруде. Алайда баланс сақтау керек. Бұл ретте келер жылы зейнетақы қорынан алынатын 1,4 трлн теңгенің де нарыққа келіп түсерін ұмытпаған жөн. Олар бұл қаржыны үй алуға, үй жөндеуге, емделуге жұмсайды. Халықтың тарапынан жасалатын мұндай әрекеттер жылжымайтын мүлік пен медициналық қызметтер бағасының өсуіне әкеліп соғады»,– дейді Чеботарев.
Ұлттық Банктың хабарлауынша, инфляцияның өсуіне азық-түліктің қымбаттауы елеулі әсер етіп отыр.
Ресми дерек бойынша (ҰЭМ СК), азық-түлік бағасы тамыз айында 10,9 пайызға қымбаттаған.
15 қыркүйек күні үкімет отырысында сөз алған сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов жыл басынан бері еліміздің бар аймағында азық-түлік бағасы жаппай қымбаттағанын айтты.
«Әлеуметтік маңызды тауарлар бағасы 4,4 пайызға қымбаттаған. Негізінен қарақұмық, қант, сәбіз, картоп бағасы қатты өсім көрсеткен. Егіс алқаптарының қысқаруы мен маусымдық фактор баға өсіміне әсер етіп отыр»,– деді Сұлтанов.
Министрдің айтуынша, ендігі кезекте баға өсіміне жол бермес үшін әкімдіктер тұрақтандыру қорларын азық-түліктермен толықтырмақ. Қазірге дейін 27,7 мың азық-түлік қоры жинақталған. Сонымен қатар әкімдіктер 21,6 мың тоннаға форвардтық келісімдер жасаған. Әлеуметтік маңызы бар тағамдар бағасын тежеу мақсатында «айналым схемасына» бюджеттерден 14,2 млрд теңге бөлініпті.
Бізде жалпы әдемі уәделер өте жиі айтылады. Бірақ өте сирек орындалады. Содан да болар үкіметтің бағаны өсірмеу, оны тұрақтандыру жайлы бастамалары тым сенімсіз естіліп жатады.
365info порталындағы Төлеген Асқаров өз мақаласында ҰБ саясатын сынға алады.
«ҰБ экономика секторын қолдаудың орнына, екінші деңгейлі банктерді қолдап жатыр. Төмен базалық мөлшерлеме – инфляциямен күресте тексерілген тәсіл. Ресей банкімен салыстырғанда ҰБ инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізуден бас тартып отыр. Қыркүйекте ҰБ базалық мөлшерлемені 9 пайызда қалдыру арқылы инфляцияны ынталандырғысы келмейтінін байқатты. Ал Ресей болса ақша бағасын белсенді түрде төмендетті. Тамызда шілдемен салыстырғанда жылдық көрсеткіш 0,2 пайызға дейін көтерілді. Алайда директорлар кеңесінің шешімімен негізгі мөлшерлеме жылдық 4,25 пайызға дейін төмендетілді. Соның арқасында көрші елде азық-түлік тауарлары небәрі 4,3 пайызға ғана қымбаттады»,– дейді экономист.