Инвестиция

Туризм саласының аяғынан тік тұруына 2-4 жыл қажет

Жарты жыл ішінде туристердің саны 65 пайызға қысқарған

Халықаралық туристік ұйымның мәліметі бойынша, COVID-19 пандемиясы мен шекаралардың жабылуы салдарынан туристердің ағыны  былтырғы жарты жылдықпен салыстырғанда, бірден 65 пайызға қысқарған. Бұл туралы «БҰҰ жаңалықтары» жазады. 

Сарапшылардың болжамына сүйенсек, халықаралық туристер ағыны биыл 58 пайыздан 78 пайызға дейін қысқаруы мүмкін. Ал коронавирус дағдарысына дейінгі көрсеткішке жету үшін 2-4 жыл кетуі мүмкін. 

Қаңтар-маусым аралығыда дүниежүзіндегі әуежайларда тіркелген туристердің саны былтырмен салыстырғанда, 440 миллионға аз болған. 

«Халықаралық туризмнен түсетін табыс жарты жылдың ішінде $460 млрд-қа қысқарды. Бұл  әлемді  2009 жылы  жайлаған экономикалық дағдарыс  кезіндегі шығыннан 5 есе көп», – делінген хабарламада. 

Ең көп зардап шеккен – Азия-Тынық мұхит аймағы. Бұл жақтағы турист ағыны 72 пайызға қысқарған. Оның ізін ала Еуропа келеді,  халықаралық туристік ұйым мамандары биыл саяхаттаған туристердің қатары былтырмен салыстырғанда 66 пайызға аз деп тұжырымдайды. 

Дегенмен ұйым басшысы Зураб Пололикашвили оптимистік көзқарас танытып отыр. 

«Соңғы «Халықаралық туризм барометрінде» пандемияның миллиондаған адам нәпақасын тауып жрген сала – туризмға қатты соққы болып тигені жазылған. Дегенмен қазірдің өзінде көптеген елдерде қауіпсіз және сақ туризм қалыптасты», – деп атап өтті ол. 

Бұл сөзді сарапшыларда растап отыр: қыркүйек айында туристік бағыттардың 53 пайызында шектеулер алынып, карантин жеңілдетілді.  

Бұған дейін Азия Даму Банкі туризмді қалпына келтіру мүмкіндіктері жайлы жаһандық зерттеу нәтижесін жариялаған болатын. Даму институтының сарапшылары көптеген ел экономиканы еш шығынға ұшыратпай, ұлттық туризмді халықаралық бағыттан ішкі туризмге бағыттай алады деп санайды.

Дүниежүзілік туристік ұйымның дерегі бойынша, соңғы 18 жылда дүниежүзінде саяхатшылар саны екі есеге: жылына 0,7-ден 1,4 млрд адамға дейін өсті. Өңірлер бойынша айтсақ,  Орталық және Батыс Азия қарқынды дамыды, осы жаққа баратын туристердің саны 3 есе артқан.