Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында мемлекеттік қызметкерлер қатарын 25 пайызға қысқартуды тапсырған болатын. Бүгін ОКҚ-да өткен брифинг барасында ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Анар Жайылғанова осы тапсырма қалай орындалатынының жай-жапсарын түсіндірді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда елімізде 97 мыңнан аса мемлекеттік қызметшілер жұмыс істейді екен. Бұл – экономикалық белсенді халықтың 1,1 пайызы.
Енді осы қысқарту салдарына қалған қызметкерлердің жүктемесі артып, жұмыс сапасы төмендеп, еңбек ресурсының тиімсіз бөлінуіне әкеп соқпас үшін агенттік екі мәселеге назар аударуды ұсынады.
«Біріншіден, оңтайландыруға жататын қызметтерді айқындау кезінде, ең алдымен, тұрақты бос қызметтер қаралатын болады. Бүгінде бос жұмыс орындарының жалпы саны шамамен 8 мың бірлікті немесе мемлекеттік аппараттың жалпы санының 8,5% құрайды. Бұдан басқа, жыл сайын жұмыскерлердің зейнеткерлікке шығуы есебінен 1 мыңнан астам бірлік босайды, сондай-ақ 6 мыңға жуық қызметші жеке секторға және өзге де ұйымдарға ауысады. Осы резервті пайдалану мемлекеттік қызметшілердің нақты қысқаруын барынша азайтуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», – деп атап өтті Жайылғанова.
Сонымен қатар агенттік басшысы қысқартуға ұшырамайтын қызметкерлер қатарын да айтып өтті.
«Еңбек кодексіне сәйкес, жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі балалары бар аналар, жалғызбасты аналар, балаларды анасыз тәрбиелеп отырған өзге де адамдар, сондай-ақ зейнетке шығуына 2 жылдан аз қалған қызметшілер қысқармайды. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілердің жоғарыда аталған құқықтарының сақталуын бақылау жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда мемлекеттік қызмет өтілі кемінде 3 жыл болса, жұмыстан шығу жәрдемақысын төленеді»,-деді Агенттік басшысы.
Президент тапсырмасы бойынша биыл мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері – 10 пайызға, ал келер жылы тағы 15 процентке қысқартылады. Осылайша шенеуніктердің 25 пайызы қысқартылып, үнемделген қаржы өзге мемқызметкерлердің жалақысын көбейтуғе жұмсалуы тиіс.