Қоғам белсенділері Алматыдағы ЖЭС-2-нің газға ауысуына неліктен жаппай қарсы болып жатыр?

Жарияланды
Алматыдағы ЖЭС көмірден газға ауыстырыла ма?

Алматыдағы ЖЭС-тің көмір жағуды тоқтатып, газға ауыстырылуы бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатыр. 

Осыдан бір апта бұрын «Самұрық-Энерго» компаниясы Алматыны жылу және жарықпен қамтып отырған – ЖЭС-2-нің толықтай газға көшетінін мәлімдеген.

«Самұрық-Энерго»: Атмосфераға зиянды қалдықтардың шығуын азайтатын және станцияның әсер ету аймағындағы ауа сапасын жақсартудың ең тиімді жолы – ЖЭС-2-ні табиғи газ жағуға көшіру. Ондай жағдайда атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтардың жылдық мөлшері 80 пайызға төмендейді. 

 «Чистый воздух Алматы» қоғамдық қозғалысының сарапшысы Александр Лидің айтуынша, мұндай мәселені шешуде қала тұрғындарының пікірі мүлде ескерілмейді. 

Александр Ли.jpg

 

«2017 жылы техникалық-экономикалық негіздеме жасалып, газға көшіруге болмайды деген тұжырым жасалды. Екі жылдан соң болады екен деп жария етті. Неліктен шешімдердің өзгере беретінін түсінбеймін. Ешкім біздің пікірімізді сұраған емес. Дамыған елдер тәжірибесіне үңілсек, көмір жағу – экологиялық тиімді тәсіл. Ал бізде көмірден қалатын күлді жою мүмкін емес деген байлам айтады. Ал өзге елдерде күлді құрылыс материалдарын жасау үшін кәдеге жаратады»,- дейді Александр Ли. 

Энергетика саласында ұзақ әрі бай тәжірибесі бар Борис Механошин де қоғам белсендісінің ұстанымымен келіседі. Мұндай бағдарламаларды қабылдау кезінде инженерлік шешімдерге көңіл аз бөлінеді дейді. 

Механошин.jpg

«Кез-келген энерго нысанның экономикасы инженерлік шешімдерге тәуелді. Меніңше, энергия өндірудің газ турбиналық циклына өту дұрыс болар еді. Бұл станцияның пайдалы әрекет коэффициентін 52 пайызға дейін көбейтеді» дейді Механошин. 

Александр Ли: Дүниежүзілік банк мәліметінше, ауа ластануы салдарынан туындайтын аурудан Алматының жалпы ішкі өнімі жылына 500 миллион долларды құраған. Біз ұлттық қордан ақша алып, жаңа станция құрылысына бөлуді сұраймыз. Бұл келешек ұрпаққа салынған инвестиция болар еді. Ескі қазандықтарды жөндей бергенше, ЖЭС-2 жанынан газ турбиналы жаңасын салу тиімді. Ол жерде құрылысқа жеткілікті жер де бар. Мұндай станция құрылысы 2-3 жылға созылады. 

Сарапшылардың айтуынша, 2024 жылы ЖЭС-2 күлге толады. ЖЭС соған дейін газға көшірілмесе немесе қалдықтарды тастайтын жер табылмаса алып қаланың жарықсыз, жылусыз қалуы ықтимал. 

«Самұрық-Энергоның» есептеуінше станциядағы 8 көмір қазандығы біртіндеп газға көшеді. Жоба құны – 98 млрд теңге. «Алматы-2050» жобасындағы дерекке сүйенсек, ЖЭС-2 шаһар ауасының 30 пайызын ластап отыр. Станция жыл сайын 2 млн тонна көмір жағып, одан 1 млн тонна күл қалады. 

«Алматы электр станциясы» АҚ бас инженері Ғазий Исмұхамбетовтың айтуынша, 2024 жылы екінші күл үйіндісінде күл төгетін орын қалмайды. 

Ғазий.jpg

«Мамандар қазір осы мәселені шешумен айналысып жатыр. Бұл қиын кезеңнен өту үшін бізге тағы бір жер телімін сатып алу керек сияқты. Газға көшкен жағдайда бұл қиындықты еңсереміз. Күл төгілген жерді қалпына келтіреміз. Ол жерге түрлі өсімдіктер егіліп, жер ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылады»,- дейді Исмұхамбетов. 

«Алматы электр станциясы» АҚ басшылығының хабарлауынша, қазір ЖЭС-2 аумағында жиналып қалған күл көлемі – 200 гектарды құрайды. Өткен жылы 50 мың тоннаға жуық өңделген күл ғана автожол құрылысы үшін сатылыпты. 

Қазір ЖЭС-2 территориясының солтүстік қапталында 400 гектардан астам жерді қауіптіліктің төртінші классына жататын көмір қалдықтары алып жатыр. 19 жылда 16 миллион тоннадан астам күл жиналып қалыпты. Бұл аумақта тұрғын үй құрылысын жүргізуге, мал бағуға тыйым салынған. 

«Әрине, күлді құрылыс мақсатында пайдалануға болар еді. Бізге түрлі инвесторлар келіп жатады. Алайда әлі күнге нақты келісімге қол жеткізе алмадық. Батыс елдерінде күлді құрылысқа пайдалануға заңмен міндеттейді. Қазақстанда олай емес. Былтыр бізден 50 мың тонна күл сатып алған. Бірақ оның өзі аз. Бағасын нақты айта алмаймын, құрылыс материалдары деңгейінде бағаланады. Сатып алушылар қызығар болса, біз күлді өнеркәсіптік мақсатта 50 мың тоннадан бастап сатамыз» дейді бас инженер. 

2017 жылы Auagroup.kz сайтына берген сұхбатында Исмұхамбетов ЖЭС-2-ні газға көшірудің қаупін атайды.

«Гидроэлектр станцияларын, тек газбен жұмыс істейтін ЖЭС-1-ді таза энергия көзі деп мақтануға болады. Бірақ олардың қуаты тез дамып келе жатқан Алматыны электр және жылу энергиясымен жеткілікті деңгейде қамтуға жетпейді. ЖЭС-2-ні газға көшіру үнемі талқыланып келе жатыр. Ондай жағдай құрылғыларды жерден 12 метр тереңдікке дейін енгізуге тура келеді. Ал бұл нысанды жарып жіберу қаупін тудырады. Яғни, жер астында табиғи газ бен электротехникалық құрылғылардың қатар тұруы үлкен қауіп» депті маман сұхбатында.  

KEGOC-тың бұрынғы президенті Әсет Наурызбаев газға негізделген жаңа станцияның салынуын қолдайды. 

Әсет.jpg

«Самұрық-Энерго» ЖЭС-2-ні модернизациялауды аяқтауды 2029 жылға жоспарлап отыр. Біз мұны қолдамаймыз. Заманауи әлемде жаңа газ станциясының құрылысы 2-3 жылда аяқталады. Ал оның 4-5 жылға созылуы бірнеше жүз мың адамды өкпе ауруына шалдықтыруы мүмкін. Станцияны салуға бөлінетін инвестицияның қайнар көзі – Ұлттық қор болуы керек. Ол инвестицияны компанияның жарғылық капиталына да, қор балансында құрылған арнайы компанияға да беруге болады. Мұндай жағдайда станция құрылысына коммерциялық несие тартудың қажеті шамалы және электр энергиясын тұтынушылар үшін тариф те қол жетімді болады. Құрылыс бағасының және эксплуатациясының әділ болуы үшін ашық халықаралық тендер өткізу керек» дейді Наурызбаев. 

Осыған дейін «Самұрық-Энерго» АҚ өндіріс бойынша басқарушы директоры Серік Төтебаев экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевке берген жаубында ЖЭС-2-ні – 2024, ЖЭС-3-ті – 2024-2025 жылдары модернизациялап бітеміз деген болатын. 

Еске салайық, Алматыдағы ЖЭС-2 – электр және жылу энергиясын бірлесіп өндіруге арналған Қазақстандағы ең ірі жылу станциясы. Оның электр қуаттылығы – 510 МВт, ал жылу қуаты – 1411 Гкал/ч. 
 

Сондай-ақ оқыңыз