Инвестиция

Павлодар облысында құс тұмауына байланысты карантин енгізілді

Екі ауылда блок-бекет қойылғанмен, тұрғындардың қатынауы шектелген жоқ

Павлодар облысының екі ауылында – Тереңкөл ауданындағы Жаңақұрылыс және Железин ауданына қарасты Ақтау ауылдарында құс тұмауы анықталып, барлығы 2 мыңға жуық үй құсы қырылып қалды. Облыс басшылығы құстар арасындағы бұл індетке қарсы 456 мың вакцина сатып алып, аймақ көлемінде жаппай егу жұмысын бастады. 

Ал кеше Тереңкөл ауданындағы Жаңақұрылыс ауылдық округінде карантин енгізілді. Аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Мақашевтің айтуынша, мұнда құс тұмауын 158 үй құсы жұқтырған. Қазіргі кезде елді мекендегі 1800 бас үй құсының барлығын утилизациялау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Десе де, соңғы үш күн аралығында бұл ауылда құс тұмауына қатысты бірде-бір жағдай тіркелмеген көрінеді. 

Железин ауданындағы Ақтау ауылында да карантин режимі жариялануы мүмкін. Бүгінде тиісті құжат облыстық әділет департаментіне тіркеу үшін ұсынылды. Ауыл басшысы Жанар Орынтаева 103 аулада 1611 тауық, қаз, үйрек, күркетауық барын айтты. Оларды жинау үшін көшпелі инсинератор жеткізілді. 

Құс тұмауының ошағы анықталған аталмыш елді мекендерден құс өнімдерін шығаруға және кіргізуге тыйым салынды. Тиісті блок бекеттер мен шлагбаумдар қойылды. Ал ауылдықтар емін-еркін қатынай алады. 

Мамандардың пайымынша, бұл вирус Ресей облысының Челябі ауданынан құстар арқылы келген. Яғни, тұмауды тасымалдаушы – дала құстары. Бірақ олардың иммунитеттері үй құстарына қарағанда әлдеқайда жақсы болғандықтан, жаппай қырылмайды. 

Ресми деректерге сүйенсек, бұл індет әзірше облыстағы ірі құс фабрикасы – Ақсу қаласының ауылдық аймағында орналасқан «Қызылжар Құс» кәсіпорнына жеткен жоқ. Мұнда 365 мың тауық бар. Құс өнімдері күн сайын сауда орталықтарына әдеттегідей жөнелтілуде.