Кәсіпкерге кеңес. Жалға алу ақысын төлеуді тоқтату үшін не істеу керек?

Жарияланды
Пандемияға байланысты шағын және орта бизнеске жеңілдік жасалуда

Коронавирус пандемиясы экономиканы тұралатып тастаған соң, мемлекет сауда саласының басты көзіріне баланған – шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау шараларын қолға алды. Соның бірі – жалға алып отырған нысанның ақысын төлеуді тоқтату. 

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, бұл шараны кәсіпкерлер өздері жүзеге асырады және оның жолы өте оңай. 

«Республикалық коммуналдық меншік бойынша gosreestr.kz веб-порталы жұмыс істейді. Барлық жалға алушылар, шағын және орта бизнес субъектілері жыл соңына дейін арендалық төлемді тоқтату үшін электронды өтініш қалдыра алады. Өтініш электронды түрде өңделгеннен кейін қосымша келісім жасалып, арендалық төлем тоқтатылады»,- дейді министр. 

Ал квазимемлекеттік сектор мұны қалай іске асырмақ? Шағын және орта  бизнес жалға алушылары тікелей жалға берушіге – квазимемлекеттік сектор субъектісіне өтініш береді. 

«Бұл жерде де ешқандай проблема болмайды. Мемлекеттік кәсіпорындар шағын және орта бизнес өтінішінен бас тартпайды»,- деді Жамаубаев. 

LS порталының дерегінше, Қазақстандағы «А» класты офис арендасы жыл басынан бері 6,4 пайызға арзандап кеткен. Тек Маңғыстау мен Атырау облыстарында бұл көрсеткіш 43,8 және 36,6 пайызға дейін құлдыраған. Ал «В» класты кеңселер 3,1 пайызға арзандаған. «С» класты кеңселер арендасы 4,2 пайызға арзандапты. 

Сонымен қатар дүкен, дәріхана, мейрамхана, қоғамдық тамақтану орындары мен қойма нысандарының да жалға алу ақысы біршама арзандаған. 

Қазіргі таңда бір ғана Алматы қаласының өзінде 500 кәсіпкердің арендалық төлемі тоқтатылған. Қалалық мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Рүстем Әлиевтің айтуынша, 1 қыркүйектен бастап жыл соңына дейін жасалған 499 келісімге сәйкес бюджетке түсетін табыс көлемі 206 млн теңгеге қысқармақ. 

«Екі мәрте тоқтатуға байланысты жалпы бюджет түсімі 376,1 млн теңгеге азайды. Шағын және орта бизнес өкілдерінен 280 өтініш келіп түссе, соның 171-і қарастырылды. Жалпы, 20 наурыз бен 19 маусым аралығында 612 ШОБ өкілінің арендасы тоқтатылды»,- дейді Әлиев. 

 

  
 

Сондай-ақ оқыңыз