Зейнетақы жинағын алғаннан пайда жоқ па?
Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова коронавирус пандемиясының ел экономикасына қалай әсер еткені туралы, зейнетақы жинағының бір бөлігін кәдеге жаратуға қатысты ойын білдірді. Жыл сайын өтетін Kazakhstan Growth Forum-2020 форумында сөз сөйлеген 10 спикердің бірі болған Шаяхметова жасаған баяндамадан үзінді ұсынамыз.
Спикер Covid-19 пандемиясының Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштеріне әсері жайлы сөз қозғады. Оның айтуынша, коронавирус жайлаған жеті айдың ішінде осы жылдың ЖІӨ көрсеткіші 2,9 пайызға төмен-деген. Жайсыз әсер қоғамның көп саласында байқалған. Соның ішінде қызмет, көлік, сауда және ойын-сауық секторларына едәуір негатив әсер бер-ген. Тауар экспортының көлемі де азайып, кей салаларда тіпті екі есе түсіп кеткен. Десек те, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны былтырғы осы кезбен салыстырғанда көбейген.
«Бұл жағдайды сараптай келе, статистика мен есеп әдістерінде өзгеріс барын байқадық. Сонымен бірге онлайн төлемдер, жеке кәсіпкерлерді тіркеу көбейіп, бұл аталған көрсеткіштің өсуіне әкелгенін айтуға болады. Локдаун мен карантин шектеулерінің нәтижесінде еңбек нарығында ахуал нашарлады. Елдегі жұмыссыздар саны – 1 миллион 200 мың адам. Халықтың шынайы табысы азайды: мысалы мамыр-маусымда бұл көрсеткіш 2019 жылдың осы уақытындағымен салыстырғанда 1,5-2 пайызға төмендеген. Бұл сұраныс деңгейіне кәдімгідей әсер етеді», – дейді ол.
Карантин шектеулері жеңілдетілген соң экономика әупірімдеп ретке келіп жатыр. Соның ішінде бөлшек сауда саласында. «Ақылды» локдаунның бастапқыдағы қатаң тәртіптен гөрі әлдеқайда тиімді екені байқалып отыр. Банк басшысының сөзіне сүйенсек, Қазақстан экономикасы 2020 жылдың 2 тоқсаында 1,8 пайызға қысқарған. Дамыған елдер бұдан да көп зардап шек-кен. Айталық, АҚШ ЖІӨ 9,5 пайызға төмендесе, Германияда – 10,1 пайыз, Италияда – 12,4 пайыз, Францияда – 13,8 пайыз.
Үміт Шаяхметова сөз соңында зейнетақы жинағын үй алуға не жөндеу жұмыстарына, емдеу және білім алуға жұмсауға қатысты да ойын айтты. Оның пікірінше, бұл инфляцияның өсуіне әжептәуір әсер беруі мүмкін.
«Меніңше, бұл бір реттік спекуляциялық акция болатын сыңайлы. Яғни зейнетақы жинағын пайдаланып жылжымайтын мүлік алу бір сәттік мүмкіндік беруі мүмкін. Бірақ бұдан кейінгі жылдары ондай әсер етеді деп ойламаймын. Адамдар қысқа мерзімде жаппай пәтер алады. Дегенмен БЖЗҚ-дан алынған бұл қаражат экономиканы дамытуға кетеді демес ем. Одан бөлек, аталған мүмкіндікті салымшылардың аз бөлігі ғана — 700 мыңнан астамы, бүкіл салымшының 6 пайызға жуығы қолданады. Ал жағдайы төмен, тұрғын үйге мұқтаж адамдар позитив әсер ала алмайды. Тағы да қайталамаймын: БЖЗҚ-дан қаржы алу инфляция деңгейін өсіреді, бұл болса жылжымайтын мүлік пен құрылыс материалдары бағасының өсіміне әкеліп соғады» деп қорытындылады Үміт Шаяхметова.