Қазақстан пандемияның екінші толқынына дайын ба?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірер күн бұрын Алматыға жасаған сапарында пандемияның екінші толқынына дайын болуымыз керек екенін айтты. Бұл дегеніңіз – сөзсіз, індеттің екінші толқыны болатынын аңғартады. Ал бұл жағдай ел экономикасына қалай әсер етпек?
«Қазір бүкіл әлемде жағдай қиын. Еуропа мен Америкада коронавирустің екінші толқыны басталды. Мұндай кезде біз өте мұқият болуымыз керек. Пандемияның бірінші толқынынан сабақ алдық. Жиған тәжірибеміз бізге көмек болады. Әрине, қиын тиді, қате де жібердік, оның ішінде денсаулық сақтау министрлігінің қателіктері бар. Іс барысында олқылықтың орнын толтыруға тура келді. Бірақ қатемен келген тәжірибенің де пайдасы бар. Сондықтан, екінші толқынға даяр болуымыз керек»,- деді президент.
Статистиканың соңғы деректері бойынша, 2020 жылдың 7 айында ел экономикасы 2,9 пайызға құлдыраған. Сарапшылардың айтуынша, мемлекет дұрыс саясат жүргізгенде ғана экономиканы қалпына келтіруге болады.
Экономикалық зерттеулер институты басқармасы төрағасының орынбасары Ғазиз Сейілханов «Жеке сектордың қолдауы арқылы экономиканы салалық әртараптандыруға бағытталған құрылымдық реформалар керек» дейді.
Белгілі экономист Жарас Ахметовтың айтуынша, карантин экономикалық өсім үшін үлкен кедергіге айналды.
«Егер карантин созылмайтын болса, онда IV тоқсаннан бастап өсім байқалуы тиіс. Мемлекет тарапынан белгілі бір салаға бағытталған шаралар әлдеқашан тоқтаған. Сол себепті, жеке бастамаларға еркіндік беру қажет. Нарықтық экономикада қаражат келешегі бар салаға ғана беріледі»,- дейді сарапшы.
Телеграмдағы Tengenomika каналының иесі Олжас Төлеуов бұл мәселеге орай пікірін былай білдіреді.
«Осы жылдың бес айында нақты ЖІӨ 1,7 пайызға азайғанын және оның қызмет көрсету саласына соққы болып тигенін ескере отырып, үкімет ЖІӨ болжамының ең пессимист сценарийіне дайын болуы керек. Егер тағы локдаун жарияланса, онда аталған сектор тағы да соққыны бірінші болып қабылдайды. Бұл жағдайдың одан әрі әлсіреуіне әкеліп соғады. Жақында ғана Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасы 2020 жылы минус 2,7 пайызға дейін төмен түседі деп болжам жасаған. Ал үкіметтің болжамы әлі 0,9 пайыз деңгейінде қалып отыр»,- дейді Төлеуов.
CEX.IO Broker мәліметтерді талдау бөлімінің басшысы Юрий Мазур Қазақстан коронавирустің екінші толқынына төтеп бере алады дейді.
«Жағдай ең нашарлады дегенде инфляция болжанған 4-6 пайыз емес, 8-10 пайызға жетер. Әрине, өндіріс көлемінің азаюы, шағын бизнес кәсіпорындарының жабылуы ел бюджетіне миллиардтаған теңгені түсірмей қояды. Бірақ ел дефолт жағдайына тап болмайды»,- дейді экономист.
Алайда пандемияның екінші толқыны басталмай жатып-ақ, бизнестің жағдайы әлі де мүшкіл көрінеді. Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеген. Оның айтуынша, дәл қазіргі таңда карантин емес екеніне қарамастан, 200 мыңнан аса кәсіпкер әлі жұмыссыз отыр. Ал карантиннің енгізілуі 800 мың кәсіпкерді қиындыққа душар еткен.
«Олардың 500 мыңнан астамы мүлде жұмыс істемеді. Қазір 200 мыңдай кәсіпкер жұмыстарын әлі толық жолға қоя алмай отыр. Мәселен, қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына рұқсат етілген, бірақ соған қарамастан 20 пайыз мейрамхана, кафе, асханалар әлі жұмысын бастамады. Шектеулерге байланысты шығындарын толық жаба алар емес»,- деген еді Мырзахметов орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде.
Айта кетейік, пандемияның бірінші толқынына төтеп беру үшін мемлекет 153,4 млрд теңге бөлді. Оның 26,6 миллиарды үкімет резервінен берілсе, 125,3 млрд теңге бекітілген бюджеттен берілді. Тағы 1,5 млрд білім және ғылым министрлігінің бюджет қаражатынан бөлінген болатын. Екінші толқынға қанша қаржы бөлінетіні жайлы әзірге айтылмады. Екі ай бұрын қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Уақыт көрсетеді. Негізінен резервте ақша бар» деп қысқа қайырған.
Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов пандемияның екінші толқыны басталса елімізде 2,2 миллион адамның көмекке мұқтаж болатынын, 162 мың азаматтың жұмыссыз қалатынын болжаған еді. Оның айтуынша, 4 миллионға жуық адам өз жұмыс орындарын сақтап қалуы мүмкін. Ал 2,5 миллион адам қашықтан жұмыс істеу режиміне көшпек. Тағы 2 миллион адамның жұмыс режимдері қысқарады. Олар ақысы төленетін немесе төленбейтін демалысқа жіберіледі.
Finprom.kz мәліметі бойынша, жылдың екінші тоқсанында ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар ел халқының үлесі 5,7 пайызға өсіп шыға келген. Бұл 2011 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш саналады. Жыл бұрын бұл көрсеткіш 4,3 пайыздан аспаған еді. Жалпы, кедейлік шегіндегі адамдардың саны 1,1 миллионды құраған.