Жаңалықтар

Өзге елдің намысын қорғауды армандап, Қазақстан құрамасы жейдесін киген футболшылар қазір қайда жүр?

Олардың біздің құрамаға көмегі тиді ме?

Қазақстан Еуропада доп тепкелі бері ұлттық құрама жейдесін қаншама футболшы киді. Соның арасында әу баста басқа құраманың намысын қорғағысы келгендер де көп болды.  Біразы кейін бәрібір біздің құрамада ойнады. Материалда барлығын тізіп шықпасақ та, қоғам үшін, құрама үшін маңызды болған ойыншыларға тоқталайық. 

Георгий Жуков (26 жаста)

Жуков.jpg

Фото: kff.kz

Жуков 1994 жылы Семейде туған. 5 жасында отбасымен Бельгияға көшіп кетеді. Сол жақта футболға қызығып, «Беерсхот» академиясында тәлім алады. Команданың негізгі құрамына да ілінеді. Алайда көп тұрақтамай «Стандард» командасына ауысты. Одан соң іле-шала «Астанаға» келді. Кейіннен «Рода» клубына жалға берілді. 2016 жылы ресейлік «Уралмен» келісімшарт жасасты. Ол жерде де ұзақ тұрақтамай «Қайратқа» ауысты. Алматыда өткізген үш жылдан соң 2019 жылдың қарашасында польшалық «Висла» клубына кетті. 

Бельгия азаматы болған соң бала күнінен Бельгия құрамасында ойнауды арман еткен. 19 жасқа дейінгі құрамаға шақырту алып, бір ойынға қатысады. Алайда негізгі командада ойнау деңгейіне дейін жете алған жоқ. Кейіннен футболшы өз сұхбаттарында Ресей құрамасы шақырса, қуана қабыл алатынын да айтып жүрді. 

Кейін Қазақстан құрамасы сапында екі жолдастық кездесуге қатысып, одан кейінгі ресми мачтарға шақыртуларды қабыл алмады. Тек 2017 жылы ғана ұлттық құрама жейдесін біржола киюге шешім қабылдады. 2017-2018 жылдары 8 ойынға қатысты. Бірақ жыл басында оның әлеуметтік желіде жазған пікірі жанкүйерлердің оған деген ренішін одан әрі үдете түсті. 

«Бастапқыда маған деген қарым-қатынасқа байланысты Қазақстан құрамасында ойнағым келген жоқ. Қайрат Советұлын құрметтегенім үшін және мені шақырғаны үшін құрамада ойнай бастадым. 2015 жылы менің ұлттық құрамада ойнауым үшін тіпті келісімшартымда арнайы ақша берілетіні де жазылған еді, алайда мен ол ақшаны алудан бас тарттым»,- деп жазды футболшы. 

Жуков негізінен жартылай қорғаныста ойнайды. Ұлттық құрама сапында 15 ойынға қатысып, нәтижелі соққысымен көзге түсе алмады. 2018 жылдан соң құрама ойындарына шақырылған жоқ. Қазір футболшы Польша чемпионатындағы аутсайдер команда -«Висланың» намысын қорғап жүр. 

Александр Меркель (28 жаста)

Меркель1.jpg

Фото: «Астана» ФК

Футболшы 1992 жылы Алматыда өмірге келген. 6 жасында Германияға көшкен. Бірақ Қазақстан азаматтығын сақтаған. Германия жастар құрамасында ойнаған (2007-2011). Еуропалық әйгілі клубтарда – «Милан», «Дженоа», «Удинезе», «Уотфорд», «Грассхоппер» сапында ойнаған. Жыл өткен сайын футболшының нәтижесі нашарлап, әлсіз клубтарға ауыса берді – «Пиза», «Адмира», «Хераклес». 

Меркель үшін ақыры Германияның да, Ресейдің де бас командасында ойнау мүмкіндігі тумады. 

2015 жылы футболшы Қазақстан құрамасында ойнау туралы ұсынысқа келісім берді. 2015 жылы қыркүйек айында Исландияға қарсы ойында алғаш рет алаңға шықты. Бірақ осыдан кейін төрт жыл бойы құрамаға шақыртылмады. Тек 2019 жылы 21 наурызда Шотландияға қарсы ойнап, нәтижелі пас берді. 

Меркелдің құрамаға неліктен тұрақты шақыртылмайтынына қатысты бас бапкер (лер) нақты жауап бермей, федерацияға сілтейді. Федерация бұл мәселеге қатысты ешқашан ресми түсінік берген емес. 

Футболшы 14 қыркүйек күні Сауд Арабиясындағы «Әл-Фейсали» клубымен екі жылдық келісімшартқа қол қойды. 

Владислав Васильев (23 жаста)

Васильев.jpg

Фото: «Прессбол-Онлайн»

Қарағандыда дүниеге келген. Футболдағы мансабын 2015 жылы қарағандылық «Шахтерде» бастады. Қазір белорусиялық «Динамо» клубында ойнайды. 

Қазақстан ұлттық құрамасына шақырылған жоқ. Бірақ Қазақстанның 17 және 19 жасқа дейінгі құрамалары сапында 9 кездесуге қатысқан. 

2019 жылы отандық Sports.kz порталы Васильевтің Беларусь азаматтығын алғысы келетінін, сол себепті әзірге Қазақстан құрамасы сапында ойнаудан бас тартқанын жазды. Бірақ биыл сәуір айында футболшы «Қазақстан құрамасы сапында ойнаудан бас тартқан жоқпын» деп сұхбат берді. 

«Динамоға» ауысқан кезімде Михал Билек (Қазақстан құрамасының бас бапкері) біздің бас бапкерге қоңырау шалып, менің нөмірімді сұраған. Кешке Билек хабарласып, мені шақырғысы келетінін айтты. Ал бізде кубоктық ойын бар еді. Сондықтан осы жолы клубта қаламын, ал келесі жолы шақыратын болса барамын деп келістік. Одан кейін маған ешкім хабарласқан жоқ. Қазір менде Қазақстан азаматының төлқұжаты бар. Үш жыл өтіп, егер мені Қазақстан құрамасына бәрібір шақырмайтын болса онда басқаша ойлана бастауға тура келеді»,- депті футболшы. 

Оның Беларусь құрамасына барғысы келетінін шетелдік басылымдар да талқылай бастаған. Ресейлік Sports.ru порталының жазуынша Васильевтің Беларусь сапына сіңісіп кетуіне еш мүмкіндік жоқ. 

«Егер Васильев Беларусь құрамасы қатарында ойнағысы келсе онда алаң ортасында Иван Маевский, Евгений Яблонский, Станислав Драгун, Сергей Кисляк, Юрий Кендыш, Макс Эбонг сияқты ойыншылармен бәсекелесуіне тура келеді. Ал Владиславты аталған жартылай қорғаушылардан мықты деп айта алмайсыз» деп жазады портал. 

Васильев Қазақстан құрамасының соңғы екі ойынына да (Литва, Беларусь) шақырту алған жоқ. 

Ненад Эрич (38 жаста)

Эрич.jpg

Фото: «Астана» ФК

Сербияның Пожега қаласында өмірге келген. «Астанаға» дейін әртүрлі шығыс еуропалық клубтарда ойнаған – «Слога», «Раднички», «Борац», «Сибирь», «Динамо» (Барнауыл). Қақпашының «Астанаға» келген соң барып кәсіби футболшы ретінде бағы ашылды. Ел кубогы, Суперкубок, Қазақстан чемпионатын бірнеше рет жеңді. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнады. 

2014 жылы Қазақстан азаматтығын алып, 2015 жылы Түркияға қарсы жолдастық кездесуде алғаш рет ұлттық құрама сапында алаңға шықты.  Алайда құрама сапындағы мансабы ұзаққа созылған жоқ. 8 матчқа қатысып, 8 гол жіберді. 2018 жылы құрамадан кетті. 

«Ұлттар лигасы» аяқталған соң ұзақ ойланып, құрамадан кетіп, бар зейінімді клубқа салайын деп шештім. Қазір 36 жастамын, сондықтан құрама мен клубта қатар ойнау үлкен жүк» дейді отандық сайтқа берген сұхбатында. 

Голкипер Сербия құрамасы сапында ешқашан ресми матчқа қатыспаған. 

Генрих Шмидтгаль (35 жаста)

Шмидтгаль.jpg

Фото: kapital.kz

Алматы облысы, Есік қаласында туған. Бала күнінен Германияда өскен. Алғаш рет «Ферль» командасы сапында кәсіби карьерасын бастаған. Одан соң «Бохум», «Рот-Вайсс», «Гройтер Фюрт», «Фортуна» сияқты клубтарда ойнады. 

Қазақстан ұлттық құрамасына алғаш рет Бернд Шторк бас бапкер болып тұрған кезде шақыртылды. Құрама сапында 14 ойынға қатысып, 1 гол соқты: 2013 жылы Германия қақпасына. Бас команда сапындағы ойындарда Шмидтгаль ерекше белсенділігімен көзге түсті. 

Қазір футболшы кәсіби мансабын аяқтаған. Одан соң «Фортуна» клубында фарм-команданы жаттықтырған. Сондай-ақ футболшының жылжымайтын мүлік саласындағы бизнесі бар. 

Константин Энгель (32 жаста)

Энгель.jpg

Фото: Reuters

Қарағандыда өмірге келген бұл футболшы да ғұмырының басым бөлігін неміс жерінде өткізіп келе жатыр. Шмидтгаль секілді екінші, үшінші деңгейлі германиялық клубтарда ойнаған – «Виктория 08», «Онсабрюк», «Энерги», «Ингольштад 04». 

Ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынын 2012 жылы 6 маусымда Қырғызстанға қарсы өткізді. Жалпы саны 8 матчқа қатысты. Бірде бір мәрте гол соққан жоқ. 2015 жылдан бері Энгел құрама сапына шақырылмады. Бұл туралы ол өз сұхбатында да айтады. 

«Әлі күнге дейін неге солай болғанын түсінбеймін. Ол кезде карьерамның нағыз шырқау шегінде едім, «Ингольштадпен» бірінші Бундеслигада ойнап жүрдік. Меніңше, ұлттық құрама жергілікті кадрларға көңіл бөлуді дұрыс көрген сияқты. Олай болса мені шақырмайтынын айтулары керек еді. Сол уақыттан бері маған ешкім хабарласқан емес» дейді футболшы.