Банк пен қаржы

5 мың қазақстандық өз ипотекасын қайта қаржыландыра алады. Бұл қандай мүмкіндік?

Ипотекалық займ алушылар саны өскен

Ұлттық Банк жақында ғана ипотекалық тұрғын үй қарыздарын, яғни ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер енгізіп, жария етті. 

Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру механизмі 2015 жылы басталған. Бірінші кезеңді игеру үшін Ұлттық Банк 130 млрд теңге бөлді. Мөлшерлеме – жылдық 3 пайыз. 2020 жылдың басында 28,3 мың клиентке жалпы құны 176,7 млрд теңге көмек көрсетілді: жалпы құны 123,3 млрд теңге болаты сыйақы бойынша қарыз бен комиссия айыппұлы кешірілді. 

2018 жылдың 27 наурызынан бастап бағдарламаның екінші кезеңі басталды. Оның аясында 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін жеке тұлғалар алған ипотекалық несиелер 2015 жылдың 18 тамызындағы теңге курсы (1 доллар – 188,35 теңге) бойынша қайта қаржыландырылады. Ол үшін 114,4 млрд теңге бөлінген. Мөлшерлеме – жылдық 3 пайыз. 

2020 жылдың 1 қыркүйегінде банктер жалпы құны 83 млрд теңге болатын 9,2 мың өтінішке рұқсат етіп, 70,1 млрд теңге болатын 7,9 мың өтініш қайта қаржыландырылған. 

Бағдарламаның үшінші кезеңі 2019 жылдың 23 желтоқсанында басталды. Ол бойынша банктер несие алушының қаржылық және әлеуметтік жағдайына анализ жасай отыра оның қарыздық жүктемесін жеңілдетеді. Яғни, негізгі қарызды азайту/кешіру, ай сайынғы төлемі 20 мың теңгеден басталатын жеңілдік графигі, клиенттің төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес деңгейде табысын сақтау шаралары жасалады.

Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.

«Қарыз алушының банктің балансында тұрған жалғыз баспанасын меншігіне қайтару мақсатында қаржы институттарына қарыз алушыны жылдық 3 пайыз сыйақы мөлшерлемесі бойынша қаржыландыруды жүзеге асыру не оған тұрғын үйді кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру құқығы берілді»,– делінген ҰБ хабарламасында. 

ҰБ хабарлауынша, осыған дейінгі бағдарламаны іске асыру кезінде мұқтаж азаматтар мемлекеттің қолдауын ала алмаған жағдайлар анықталған: 

       •    Бұл негізінен кредитті қайта қаржыландырғаннан кейін халықтың әлеуметтік осал тобына жату (ХӘОТ) мәртебесін алған адамдарға; 

      •    ХӘОТ мәртебесі бар және банктер ипотекалық кредитті өтеуді талап ететін қоса қарыз алушыларға, кепіл берушілерге және кепілгерлерге; 

      •    Әлеуметтік маңызы бар аурулардың жекелеген түрлерімен ауыратын азаматтарға қатысты.

Азаматтар өтініші мен қоғамдық бірлестіктер ұсынысы ескеріле отырып, мынадай өзгерістер енгізілген: 

      •    Еңбекке жарамсыздыққа әкеп соғатын және ипотекалық кредитті өтейтін кірістерден айыратын әлеуметтік маңызы бар аурулардың жекелеген түрлерімен ауыратын (аурудың 5 түрі бойынша, оның ішінде туберкулездің белгілі бір түрлері, қатерлі ісіктер, орталық жүйке жүйесінің миелинсіздендіретін аурулары және басқалар) азаматтардың қарыздарды қайта қаржыландыруы;

      •    Қарыз алушының зайыбы (жұбайы) немесе жақын туысы болып табылатын қоса қарыз алушының, кепіл берушінің, кепілгердің ХӘОТ мәртебесі бар қарыздарға ХӘОТ үшін көзделген бағдарламаның талаптарын қолдану; 

      •    Қарызды қайта қаржыландырғаннан кейін «ХӘОТ» мәртебесін алған қарыз алушылардың борыштық жүктемесін қосымша төмендету;

      •    ХӘОТ-қа жататын қарыз алушыларды мемлекеттік баж бойынша берешекті төлеуден босата отырып, нотариустың атқарушылық жазбаны жасауы арқылы банктің пайдасына берешегі өндіріп алынған қарыздарды Бағдарлама бойынша қайталап қайта қаржыландыру мүмкіндігін беру;

      •    Қарыз алушыларға «Астана Банкі» АҚ және «БТА Банк» АҚ балансына өткен жалғыз баспанасын, сондай-ақ банктер күмәнді активтерді басқару ұйымдарына берген баспананы меншігіне қайтару.

Алдын ала бағалаулар бойынша, енгізілген түзетулер жалпы сомасы 50 млрд теңгеге шамамен 5 мың қарыз алушыны қосымша қамтуына мүмкіндік береді екен. Одан әрі бағдарламаны қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүзеге асырады. 

Қазақстан ипотекалық компаниясының басшысы Әділ Мұхамеджановтың айтуынша, соңғы жылдары ипотекалық нарық қарқынды дамуда. 

«Жалпы тұрғын үй портфелі дағдарысқа дейінгі көлемнен 2,5 есеге көп. Десе де берілген несиелер көлемінің ЖІӨ-ге қатынасы әлі де төмен деңгейде – 3,5 пайызды құрайтынын да айту керек. АҚШ-та бұл көрсеткіш 56, Ресейде 7 пайызға жетеді. Ипотека нарығына институционалдық инвесторлардан қаражат тарту мақсатында секьюритизациялық келісімдер жасалды. Оны осы қазан айында өткіземіз деп ойлап отырмыз»,- дейді Мұхамеджанов. 

2020 жылдың сегіз айында тұрғын үй шаршы метрі қымбаттаған. Оның ішінде бастапқы тұрғы үйлер бағасы – 2,6,   қайталама нарықтағы тұрғын үйлер 6,6 пайызға өскен. Соған қарамастан ипотека арқылы баспана рәсімдеу көрсеткіші де жоғары. Сегіз айдың ішінде ипотекалық несие бойынша 545 келісім рәсімделген. Несиенің жалпы сомасы – 7,5 млрд теңге. Ипотекалық несие рәсімдеу бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қаласының тұрғындары белсенділік танытқан. Сатып алынған ең қымбат тұрғын үй бағасы – 64 млн теңге екен.