2025 жылға қарай Көлсайға келетін туристердің қатары 5 есе артуы мүмкін. Күні кеше «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде экотуризмді дамытудың концепциясының таныстырылымы өтті. Осы шара барысында Kazakh Tourism ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев Қазақстанда экотуризмге деген қызығушылық күрт артады деп мәлімдеді.
«Экотуризм – біздің еліміздегі туризм саласының келешегі зор бағыты. Мемлекет жерінің 10%-ы – ерекше қорғалатын аумақтар. Экотуризмге инфрақұрылым салып, жағдай жасасақ та, жасамасақ та ол жаққа баратын адамдар саны жыл сайын көбейе береді. Сондықтан егер туризмді дұрыс ұйымдастырмасақ, экожүйеге түсетін антропогендік жүктеме артып, биоалуантүрлілікке қауіп төнеді. Жаңа маршруттар ашпасақ қазіргі бар орындарға зиян келеді»,– деп түсіндірді ол.
Бұл ретте Еркінбаев БҰҰ-ның Бүкіләлемдік туристік ұйымы ауылдық және экологиялық туризмді осы жылдың ұраны етіп алғанын атап өтті. Себебі, пандемия әсерінен экотуризм жаһандық туризм үлесінің 30%-ын құраған.
«Бұл тыңғылықты жасалған тұжырымдама. Оны Премьер-министрдің және Экология, Мәдениет министрлерінің тапсырмасымен ұлттық парктің барлық шатқалдарымен бірнеше аралап шығып, ұзақ уақыт дайындадық»,– деді Е.Еркінбаев.
Сондықтан тұжырымдама бойынша, ұлттық паркке келген туристер бұрынғыдай Көлсай, Қайыңды көлдерінің жағасында ұзақ бөгелмейді. Ол үшін Құрметті, Саты шатқалдарына глэмпингтер, кэмпингтер, караванингтер қойылады. Құрылыстың бәрі жеңіл конструкциялардың көмегімен жүреді. Заманауи 3 визит-орталық, этно-ауылдар салынады.
Жобаны жүзеге асыруға жеке инвестор тартылады. Оның жұмысын, талапқа сай жұмыс істеуін «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде экотуризмді дамыту бойынша құрылатын қоғамдық кеңес бақылайды.
Бас жоспарға сәйкес, 2025 жылға қарай «Көлсай көлдеріне» келетін туристер саны 5 есе артады деген болжам бар. 2019 жылы парк 87 мың адам қабылдаған.