Tengri Bank салымшыларына сегіз сағат ішінде 4,8 млрд теңге төленді
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кешелі бері «Еуразиялық банк» АҚ арқылы Tengri Bank салымшыларына кепілдік берілген өтемді төлеуді бастады. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлайды.
30 кыркүйек, 17:00-дегі жағдай бойынша, агент банк Қор есебінен азаматтарға шамамен 4,8 млрд теңге төленген,
«Бұл «Tengri Bank»АҚ салымшыларының алдында кепілдік берілген өтем сомасы бойынша міндеттемелердің жалпы көлемінің 27%-ын құрайды», – делінген хабарламада.
Қордың хабарлауынша, кепілдік берілген өтемді төлеу рекордтық қысқа мерзімде – «Tengri Bank» АҚ барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылған сәттен бастап 8 жұмыс күнінен кейін басталған. (18 қыркүйектен). Салыстыру үшін айтар болсақ, бұған дейін банкрот болған банктер бойынша төлем оларды қаржы реттеушісі лицензиясынан айырған соң 80-107 жұмыс күні өткеннен кейін ғана басталған.
Салымшыларға қаражатты жедел төлеу 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген және 2019 жылы Қордың ұсынысы бойынша, Ұлттық Банкпен бірлесіп жасаған заңнамалық өзгерістердің арқасында мүмкін болды. Осы өзгерістерге сәйкес, Қор сот шешімін күтпей-ақ, өзіне кепілдік берілген өтемді төлеу бойынша міндеттемелерді қабылдайды.
Айта кетейік, кепілдік берілген өтемді алу үшін «Tengri Bank» АҚ салымшылары Еуразиялық банктің кез келген филиалы немесе бөлімшесіне барып, төлем алуға өтініш толтырулары қажет. Салымшылар өтеу сомасын «Еуразиялық банк» АҚ сайтында (https://eubank.kz/tb/) онлайн тексере алады.
«Еуразиялық банк» АҚ бөлімшелері «Tengri Bank» АҚ салымшыларына демалыс күндері – 3 және 4 қазанда қосымша қызмет көрсететін болады. Агент банктің барлық қалалардағы филиалдары мен бөлімшелерінің мекенжайлары және жұмыс тәртібі туралы ақпарат www.eubank.kz ресми сайтынан немесе банктің анықтама қызметінен білуге болады.